ТҮРІ БАСҚА ТІЛЕГІ МЕН ТІЛІ БІР ПОЛИЦЕЙЛЕР

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, полицияның оң имиджін калыптастыру мақсатында, ұлты өзге полиция қызметкерлері арасында іс-шара ұйымдастырылды. Яғни Түркістан облысы полицейлері арасындағы басқа ұлтты қызметкерлер өздерінің қазақ тілін жетік меңгергенін бейнежазба арқылы жеткізуде.
Мәселен, Сайрам аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция подполковнигі Елена Яврова, ұлты орыс. Десе де Ішкі істер органдарындағы 28 жыл жұмыс өтілі кезінде тұрақты түрде мемлекеттік тілді қолданып келеді.
Осы уақыт аралығында адал жұмысымен көзге түсіп, жоғары көрсеткіштерге кол жеткізген. Яғни тұрғындар тыныштығын сақтап қана қоймай, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген қызметкер. Полицей ана шаңырағында 2 перзент тәрбиелеп өсіруде.
Түркістандық тергеуші Шухрат та мемлекеттік тілді жетік меңгерген құқық қорғаушылардың бірі. Шухрат Сунатуллаұлы Назаров ұлты – өзбек. Қазақ тілін еркін меңгерген. Ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарады. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби полиция бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастап, бүгінде Түркістан облысы полиция департаменті Келес аудандық полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет атқарады.
Полицей Шухрат қиын да жауапты тергеу саласында іс-құжаттарды қазақ тілінде жасап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып келеді.
Ұлты басқа болғанымен, Қазақстан азаматы ретінде патриот азаматтар қатарынан табылып келеді. 2013 жылы отау құрған. Бүгінде бір қыз, екі ұлдың аяулы әкесі, асыл жар.
Ал, Ішкі істер саласында 10 жылдан аса қызмет атқарып келе жатқан Акмаль бүгінде барлық әріптестерін бауырдай көреді. Кентау қалалық полиция бөлімінде қылмыстың жасалуына күдіктілер мен айыпталушыларды уақытша қамауда ұстау изоляторының полицейі, полиция аға сержанты Абдуганиев Акмаль Қадырұлы өз ісіне адал берілген тәжірибелі тәртіп сақшысы.
Ұлты өзбек болғанымен жүрегі қазақ деп соққан Акмаль барлығымен тез тіл табысып әріптестерінің арасында шынайы ілтипатқа ие болған азамат.
Басшылықтың нұсқауын сапалы және уақтылы орындап, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын үлгі боларлық полицейге жұмысына табыс, отбасына бақ береке тілейміз!
Аудандық ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өзге ұлт өкілдері еңбек етуде. Солардың қатарында ұлты өзбек болсада жүрегі мен тілі қазақ деп соғатын 27 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Додохан Магамедовты құқық қорғау саласының жарқын үлгісі ретінде атап көрсетуге болады. Қоғамның берік қамал-қорғанына айналған полицей 1978 жылы Түлкібас ауданы Азаттық ауылында дүниеге келген.
Бойына парасаттылық пен патриоттық сезімін сабақтастыра білген полиция Додохан 1995 жылы Шымкент қаласында құқықтану пәні бойынша заңгерлік мамандығын аяқтаған. Ойлаған мақсатын жүзеге асыра білген Додохан 1997 жылдан бастап иығына шен тағып, алғашқы еңбек өтілін ОҚО Түлкібас ауданы ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
Ұлты өзбек, ойы қазақ Додохан әріптестерімен мемлекеттік тілде сөйлесіп пікір алмасады, күнделікті тұрмыста да қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасайды.
Ал, саурандық полиция аға лейтенанты Бахром Алижанұлы Хашимов Ішкі істер органында 2016 жылдан бастап қызметте жүрген полицей, ұлты өзге болғанымен қазақ тілін өз ана тіліндей білетінін мақтанышпен айтады.
Бүгінде Сауран аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы лауазымында абыройлы қызмет атқаруда. Өзіне бекітілген аумақ тұрғындарымен туысындай қарым-қатынас орнатқан. Іс құжаттарын қазақ тілінде сапалы орындауға дағдыланған.
Өзінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, қажетті теориялық дайындық пен тәжірибелік жұмыс нәтижелеріне ие маман. Қойылған міндеттерді шешудің оңтайлы және үнемді әдістерін қолданып, қызметіне мұқият екенін көрсете білген сақшы. Кейіпкеріміз отбасымен қазақ тілінде сөйлесіп, салт-дәстүрді ұстанады.
Мінекей, облысымызда қазақ ұлтынан кейінгі саны жағынан көп орыс пен өзбек ұлтының ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оның мәртебесінің биіктей беруі үшін үлес қосып келеді.