ОТБАСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН АПТАЛЫҚТА БІРҚАТАР ІС-ШАРА ӨТТІ

Отбасы күні қарсаңында Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осында ұзақ жылдар бойы қызмет атқаратын полиция капитаны Дастан Жамаловтың шаңырағында болып қайтты.
Дастан аға жұбайымен бүгінде 10 баланы тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты әке, асыл жар. Өзінің қызметтік міндетін адал атқарумен қатар он балаға тәрбие беріп, әкелік махаббатын сыйлаған аға шүйіркелесу барысында шаңырақтың мықтылығы жайында өз пікірімен бөлісті.
Қандай жағдай болмасын күйеуінің көңіліне қарап, оның халыққа қалтқысыз қызмет етуіне жағдай жасап отырған жарына рақмет айтып, отбасы мерекесіне орай полицияның жарына құттықтап келушілер арнайы сыйлықтарын тапсырып, отбасы күнімен құттықтады.
Ал, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес наградталған арыстық көпбалалы аналарға алтын және күміс алқаларын табыс етті. Нақтырақ айтқанда, 7 және одан көп баласы бар үш анаға «Алтын алқа» табысталса, 6 баласы бар 21 анаға «Күміс алқа» берілді.
«Алтын алқа» белгісі Қазақстан Республикасы ордені мәртебесіне ие. Қала басшысы алтын құрсақты батыр аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
-Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан – барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Төстеріне алқа таққан аналар да мемлекет пен оның жергілікті өкілі әкімге алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 146 ана «Алтын» және «Күміс» алқамен марапатталды. Қазіргі таңда қала бойынша 2634 батыр ана бар. Барлық батыр аналарға ай сайын табысына қарамастан мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Бұдан бөлек, барлық батыр аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынайды.
Қыркүйек айының екінші аптасы — Отбасы күніне орай Сарыағаш ауданының полицейлері орталық аурухананың перзентхана бөліміндегі аналармен кездесіп, оларға жақсы көңіл күй сыйлады.
Ішкі істер органының қызметкерлері жаңадан дүниеге сәби алып келген аналарға арнайы барып, отбасы құндылықтары жайлы пікір алмаса отырып, нәрестелердің бауы берік болуын тілеп, сый-сияпаттар табыстады.
Өз кезегінде жас аналар бұл игі бастаманы жасап, көңіл бөлгендері үшін полицей мамандығы иелері мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, елімізде отбасы болуға осындай қолдау көрсетіліп тұрса, демографиялық ахуалдың жоғарылайтыны анық екенін жеткізді.
«Отбасы күні» апталығы аясында «Кентау қалалық жоғарғы гуманитарлық және техникалық колледжінде жастармен кездесу өткізілді . Аталған шараға қалалық полиция бөлімінің инспекторы Құттыбаева Майра, Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу орталығының психолог маманы Оспанова Нұргүл, қалалық жоғарғы гуманитарлық және техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бейтбаев Ақжан мен психолог маман Гаухар Жұмабайқызы және студент жастар қатысты.
Кездесуде жастардың полицияға деген сенімін нығайту және қоғамның дәстүрлі отбасылық құндылықтары мен адамгершілік қасиеттерді жаңғырту жайлы баяндама оқылды. Сонымен қатар, отбасындағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылып, заңгерлік кеңес берілді.