ТУРИСТЕР ҮШІН ТАРТЫМДЫ АЙМАҚТАРҒА ВИЗИТ ОРТАЛЫҚ САЛЫНБАҚ

0
54

Елімізде туризмнің салаларын дамыту арқылы өңірлердің экономикасына елеулі үлес қосуға болатынын Мемлекет басшысы бұрыннан айтып келеді. Соған орай кейінгі жылдары елімізде, оның ішінде Түркістан облысында туризм саласына ерекше көңіл бөлініп, оның салаларын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.

Соның нәтижесінде Түркістанда туристер саны артып келеді. Сондықтан визит орталықтар салу жоспарда бар. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жиында туризм саласының жұмысын бұдан да ширата түсу туралы салаға жауаптыларға тапсырма берді.

Жыл сайын Түркістанға келуші саяхатшылар саны арта түсуде. Сондықтан өңір туризмін одан әрі дамыту үшін үлкен жобалар жасақтау көзделіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде көтерілді. Жиында облыс басшысы Дархан Сатыбалды аймақ әл-ауқатын көтеру үшін әр ауданда туристік нысандарды қалыпқа келтіру туралы жауаптыларға тапсырма берді.

«Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер», деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңірде жол бойындағы қызметтік нысандар ақсап тұр. Сол себепті Дархан Сатыбалды шалғай аймақтардағы тарихи орындарды қалыпқа қелтіру жайын қозғады. Сонымен қатар, жиында визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату жайы талқыланды. Ал жауаптылар қазір туристер тарту жолып жасап жатқандарын жеткізді.

«Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуризм мен киелі аймақтарды тамашалайды. Олар турпакеттер сатып алады. Сонымен қатар Біркөлік шатқалы отбасылық және ұжымдық мерекелер үшін таптырмас орынға айналып үлгерген. Отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген», — дейді ТО әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан ғасырлар бойы мемлекетіміздің маңызды саяси орталығы әрі астанасы болғанын кезінде атап айтқан. Қасиетті Түркістан – халық бірлігі мен ел тұтастығының тірегі. Бұл облыс басшыларына ерекше жауапкершілік жүктейді.

«Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ қазақ тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды», — дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылып жатыр. Сондықтан мамандар экологиялық таза өнімдерді қолдануды көздеп отыр. Мұнымен шектелмей туристер үшін тартымды аймақтарға визит орталық салу да жоспарда бар.