БІР КӨПІР БІТІП, ЕКІНШІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

0
61

Ел экономикасын дамытуда теміржол және автокөлік жолдарының алатын орны ерекше. Әрі олардың бойында кездесетін көпірлердің де жарамды болуы маңызды. Түркістан болысында жол мәселесіне, оның ішінде автокөлік жолдары мен жол бойында жатқан көпірлердің жарамдылықпен қызмет етуін қамтамасыз етуге үнемі көңіл бөлінеді. Сонымен қатар тұрғындардың әкімдіктерге өтініш-тілектерінің ішінде де көпірге қатысты мәселе көтеріле қалса оларды да дер кезінде қолға алу жол қарым-қатынасында кедергілер болмауына септігін тигізеді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округі, Бостандық елді мекенінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көпірдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда ұзындығы 15 метрді, ені 5 метрді құрайтын көпір құрылысы басталды. Аталмыш жұмыстарды “Meritorium” ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырады.

Бұған дейін аудан әкімінің есепті кездесулерінде ауыл тұрғындары тарапынан аталған көпірді жөндеу бойынша мәселе көтерген болатын. Осы негізде көпірді ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша нақты тапсырма берілген. Жөндеуді қажет ететін көпірге қаржы бюджеттен бөлініп, өзен бойындағы тозығы жеткен жаяу жүргіншілер көпірі толық жөнделіп, қайта қалпына келтірілетін болады. Мамандар жаңа нысанның құрылысы жоспарға сай аяқталатындығын айтты. Нәтижесінде ішкі жолдардың сапалылығы артып, қатынас қызметінің жақсаруына ықпал етеді.

Сол сияқты “Қарашық” өзеніндегі көпірге биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыстың толық аяқталуын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қадағалап, бақылау жүргізді. Сауран ауданы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен «Строй ТДК» ЖШС мердігер мекемесі аталған жұмыстарды атқарды.

Жөндеу жұмыстары кезінде, апатты жағдайдағы көпір толығымен қайта қалпына келтірілді. Көпірге 15 метрлік темір бетон балкілері қолданылды. Жиегіне темір қоршаулары орнатылды.

Жобаға сәйкес, көпірдің ұзындығы 45 метр, ені 5 метрді құрайды. Қазіргі таңда көпір толығымен аяқталды. Айта кетерлігі, жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы және сала мамандары тарапынан тұрақты бақылауда болды.