КЕНТАУЛЫҚТАР БІР ТОННА БАУЫРСАҚ ТАРАТТЫ

0
83

Мемлекеттің қарыштап дамуын қамтамасыз ету үшін оның азаматтарының отаншылдығының деңгейінің де маңызы бар. Ал патриоттық қасиеттер туға жерге деген сүйіспеншілікпен, ұлттық құндылықтарды бойға сіңірумен келеді. Қазақ халқының елге деген сүйіспеншілігі тарихы мен тағылымында, руханияты мен мәдениетінде, өнері мен ұлттық спортында жатыр. Түркістан облысында қазақстандықтардың отаншылдығын салт-дәстүрді, өнер мен мәдениет құндылықтарын, ұлттық қолданбалы өнер мен ұлттық спорт түрлерін насихаттау арқылы әр азаматтың, жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі, әр қала, аудандардың облыс орталығындағы мәдениет күндерін ұйымдастыру қолға алынып, екінші жыл жүзеге асырылуда.
Тарихы бай, тағлымы терең Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері өтті.
Алдымен Этноауылда ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдар насихатталып, «Қаратау тәжі» ұлттық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы көрмесі және шеберлік сағаттары көпшіліктің көзайымына айналса, «Қаратау жауһарлары» өлке тарихынан сыр шертетін көрме және фотоаймақ келген қонақтарға таныстырылды.
Одан бөлек, жастар сауық-сайран құрып «Алтыбақан» ойынын көрсетсе, жас ақындар айтыс өнерінен сынға түсті. Кентау қаласының халықтық атағы бар «Шапалақ» театры «Аңыз астары» атты көріністер көрсетіп елдің ыстық-ықыласына бөленді. Кентау қаласынан шыққан қала мақтаныштарының «Аңыз адам» көрмесі мен «Дәстүрлер даналығы» ұрпақ тәрбиесіне терең мән берілетін салт-дәстүрлеріміздің ерекше түрлерінен қойылымдар көрерменге жол тартты.
Түркістан төрінде осылайша ашық аспан астында мәдени шараны барынша жан-жақты көрерменге ұсынған кентаулықтар «БауырсақFest» ұйымдастырып, келген қонақтарға бір тонна бауырсақ таратты.
Облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдени күндері жалғасып, екінші күнгі шара «Береке бастауы» ауыл шаруашылық өнімдері, кондитерлік және тағы басқа өнімдердің жәрмеңкесінен бастау алды. «Жаңа бағыт» заманауи қолөнер түрлері көпшілікке көрсетілді. Оның ішінде Кентау қаласында сұранысқа ие робототехника құрылғылары, аппаратпен ағаш кесу, гипстан түрлі дүние жасау секілді туындылар бар.
Бүгінде Кентауда жетістігі мол сурет көрмесі және «Мен кәсіпкер боламын» балалардың көрме-жәрмеңкесі салтанат құрды. Көпшілікті тәнті еткен балалардың өнері көпке үлгі.
Аламан алаңда «Дала дүбірі» ұлттық спорттық ойындарда тұрғындар сайысқа түсті. Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, қой көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрес, тоғызқұмалақтан тартысты сайыстар өткізіліп, каратэ-до-шотокан, көркем гимнастика шеберлері көрермендерді өнерлерімен тамсандырды. Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Этноауыл сахнасында «Балалықтың аспаны» Кентау қаласы оқушылар үйінің және саз мектебінің концерттік бағдарламасы өткізілді. Онда әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі жанрда би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аға буындар бүлдіршіндермен бірге батпырауық ұшырып, балалар әлеміне саяхат жасады.