МЫҢНАН АСТАМ МЕКТЕПТЕ ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫ БАР

0
64

Мемлекет басшысы бұған дейінгі жолдауларында да үнемі жас қрпақ мәселесіне байланысты көптеген ұсыныстарын айтып келеді. Солардың арасында балалардың қауіпсіздігі мен қорғалуы, қолдауы бойынша да мәселелер бар. Еліміздің балабақшаларында және мектептерінде балаларды, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды бір мезгіл тамақпен қамтамасыз ету де бар. Сол сияқты мемлекет тарапынан балабақшалар мен барлық мектептерде асханалар мен буфеттердің жұмыс жасап тұруы, олардың пісірілетін тағамдарының сапасы, тамақтану орындарының тазалығы мен қызмет көрсетудің деңгейі де әкімдіктердің, арнаулы қадағалау мекемелерінің назарынан тыс қалмайды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1 041 мектеп, 21 интернат ұйымы және 1 425 балабақша асханамен, буфетпен қамтамасыз етілген. Осы нысандардың асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы, балаларға таратылатын тамақтардың дайындалу технологиясы, сапасы мен қауіпсіздігі нормативті-құқықтық актілерге сәйкес болуы қажет. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов брифингте мәлімдеді.
«Білім беру нысандарындағы тамақтың сапасы, қауіпсіздігі, дайындалуы, жиһаздармен жабдықталуы, қызметкерлердің медициналық бақылаудан уақытылы өтуі, нысанның санитарлық-гигиеналық, техникалық жағдайын мүлтіксіз орындау — мектеп директорлары мен асханаларды жалға алып қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлердің міндеті. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру — бұл үлкен жауапкершілік»,- деді спикер.
Сондай-ақ, Нұрбек Садықбекұлы білім беру және тәрбиелеу нысандарындағы бірыңғай ас мәзірін Түркістан облыстық білім басқармасымен бекітілетінін жеткізді. Жалпы ас мәзірі әзірленетін кезде балалардың жас санаты, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімі екендігіне мән беріледі. Сонымен қатар, мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмеуі керек.