АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

0
60

Қазақ халқының ондаған ғасырлардағы тарихында елдің бірлігі мен ынтымағы, егемендігі мен азаттығы жолында жанын пида еткен тарихи тұлғалары, Қазақ мемлекеттілігінің беріктігі жолында белсене еңбек еткен ерлеріміз көп. Соның ішінде жиырмасыншы ғасырдың басында бодандықтан бостандыққа ұмтылған қазақ халқының серкесіне айналып, бүгінгі мемлекеттілігіміздің, еліміздің территориялық аумағының қалыптасуына орсан күш-қайратын, өз өмірлерін сарп етуден тайынбаған арда ұлдарымыз, Алашорда үкіметін құрған алаштықтар болды.
Алаштап ұран көтеріп, қилы заманда қазақтың рухын оятып, мемлекеттілігін қалпына келтіру жолында жан аямай жұмыс жасаған алаш қайраткерлерінің басым бөлігі жоғары білімді, зиялы, бірнеше тілді меңгерген, ғылымның әр саласына өз еңбектерімен үлес қосып, ағартушылық бағытта да зор еңбек жасаған азаматтар болды. Олар большевиктік билікпен айтысып-тартысып, біліктілігімен Қазақ мемлекетінің шекарасын белгілеуде дәлел-дәйектерімен коммунистер көсемінің өзін мойындатып қазіргі шекарамызды түпкілікті бекітуге баға жетпес еңбектерін сіңірді. Мемлекеттің іргетасын қайтадан қалап, білімі мен ғылымын, басқа да мемлекетке тән барлық салаларын қалыптастырып берді. Қазақстан егемендігін жариялаған соң ғана ұлт үшін жанын пида еткен алаштықтарды халқымыз танып-біліп, құрметтпен, ардақтауға жол ашылды.
Биыл Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, Нәзір Төреқұловтың туғанына 132 жыл, Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай, Түркістанда «Алаш ардақтылары» атты тарихи-мәдени шара өтті. Бұл маңызды шараның басты мақсаты – жұртшылықты, оның ішінде жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттың болашағы үшін қалай еңбек ету, мемлекетіңнің мықты да бәсекеге қабілетті болуы үшін қалай белсенділік таныту қажеттігін түсінуге, алашшылардың ісінен өнеге алуға шақыру болды.
Алаш зиялылары ұлықталған шарада тарих ғылымдарының кандидаты, қаланың құрметті азаматы Баян Садыққызы сөз алып, тарихи тұлғалардың өмір-дерегінен сыр шертті. «Құрмет» орденінің иегері, Нәзір Төреқұлов музейі филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы қайраткерлердің ел үшін жасаған ерліктеріне тоқталды.
Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Серсенбаев ХХ ғасырдың шежіресінде Түркістан өлкесі – Алаш атын аспандатқан тұлғаларымен, төл перзенттерімен әйгілі екенін мақтанышпен айтып, сөзін түйіндеді.
Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Алаш арыстарын сомдап, тарихтан сыр шертетін әсерлі қойылым көрсетті. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жыр шумақтарын оқыды.
Еліміздің тәуелсіздігіне, халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен Алаш арыстарының тарихтағы орны биік екені сөзсіз. Бүгінгі Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожановқа арналған рухани кештен жастар тұшымды әңгіме тыңдап, тың мағлұмат алды.