ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР «ҮЗДІК ҰЛТТЫҚ ҰЖЫМ» АТАҒЫН ИЕЛЕНДІ

Мемлекет басшысы өзінің жолдауларында қазақстандықтардың, оның ішінде ана мен бала, жас ұрпақ пен орта буынның ғана емес ел үшін әр салада өз мамандығымен ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп жүрген зейнеткерлерге де жайлы да қолайлы өмір сүругк жағдай жасау мемлекеттің басты міндеті екендігін айтып келеді. Түркістан облысында зейнеткерлерге жайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шаралар алынған. Соның бірі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының зейнеткерлерге көрсететін кешенді қызметі.
Келес ауданының «Қазыналы қария — Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушы зейнеткерлер «Келес» тобын құрып ел алдында өнер көрсетіп жүрген болатын. Топ құрғандарына екі жыл болғанда олар «КТК» телеарнасының отбасылық «Кел, шырқайық!» бағдарламасына қатысып, әділ қазылар шешімімен «Үздік ұлттық ұжым» атағын иеленді. Республика деңгейінде «Үздік» атанған келестік зейнеткерлерді Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Өнегелі һәм өрелі ой айтатын ақсақалдарымыз бен ақ жауылықты аналарымыз қоғамның түрлі саласында белсенділік танытып, жастарға үлгі болуда. Өнерді өн бойларына дарытып, Байқауда «Үздік ұлттық ұжым» атағын иеленіп, ауданымыздың мәдени саласына үлес қосқандарыңызға алғысым шексіз және де Сіздерге құрмет көрсету менің басты парызым, — деген аудан әкімінің орынбасары зейнеткерлерге арнайы сыйлықтарын үлестірді.
Айта кетейік, «КТК» телеарнасының отбасылық «Кел, шырқайық!» бағдарламасы апта сайын эфирге дайындап шығарады. Бұл халық арасындағы әуесқой әншілердің өнерін елімізге танытатын ауқымды жоба. Үміткерлер көрермен жадына жатталған көне әндерді қайта жаңғыртуға, ұлттық дәстүрді насихаттауға өз үлестерін қосады. Бағдарламалық сайыста «Келес» тобы қатысып, халық әні «Қызыл құмда ауылым» атты әнді шырқап, құрсақ шашу тойының көрінісін көрсетті. Нәтижесінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әділ қазылар шешімімен «Үздік ұлттық ұжым» атағын иеленді.
Келес тобы 2022 жыл 16 шілде күні құрылды. Топ мүшелері Келес ауданының «Қазыналы қария — Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушы зейнеткерлері. Бүгінде «Келес» тобы орталықта өткізілетін мәдени іс-шараларда ән шырқап, түрлі тақырыпта көріністер көрсетіп көрерменнің көңілінен шығып өнерлерін көрсетуде.