ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

0
99

Мемлекет басшысы еліміздің азаматтарын бұқаралық спортқа тарту, денешынықтырумен айналысуға қызықтыру арқылы халықтың денсаулығын жақсартуды, ал балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортқа құмарлығын ояту арқылы дені сау, шымыр да шыныққан жас қрпақты тәрбиелеу қажеттігін айтып, осы істі жүзеге асыруды тапсырған болатын. Түркістан облысында бұқаралық спортқа халықты тарту мен балалар мен жасөспірімдерді спорттың түрлеріне қызықтыру бойынша көптеген шаралар іске асырылуда.
Сондай шараның бірі ретінде Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі «Алпамыс батыр» атындағы орталық стадионында «Елім, Жерім, Отаным» деп қаны, жаны, терімен еңбек еткен Соғыс ардагерлерінің құрметіне және аудан тұрғындары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында футболдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыстық деңгейде Мақтаарал ауданының ашық біріншілігі өтті. Облыстық деңгейдегі бұл турнирді Мақтаарал ауданының Прокуратурасының, Мақтаарал ауданы бойынша «Қазақстан ардагері», «Зағиптар және Мүгедектер» қоғамдық бірлестіктерінің бастамасымен «Мырзакент» спорт клубы ұйымдастырды.
Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров қатысып, спортшылар мен ұйымдастырушыларды құттықтады.
«Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Ауданымыздың жаттықтырушылары мен спортшылары алдағы уақытта да аудан мерейін өсіріп, даңқын шығару мақсатында өздерінің шеберліктері мен күш-қуатын, тәжірибелерін аянбай жұмсарына күмәнсіз сенеміз. Бүгінгі жарысты ашық деп жариялаймыз. Баршаңызға амандық, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!» — деді, Нұрбол Жақсылықұлы.
Мақтаарал ауданының Прокуратурасы, Мақтаарал ауданы бойынша «Қазақстан ардагері», «Зағиптар және Мүгедектер» қоғамдық бірлестіктерінің бастамасымен және «Мырзакент» спорт клубының ұйымдастыруымен соғыс ардагерлерін еске алу, аудан жастары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында футбол ойынын дәріптеу мақсатында өткен жарыста Кентау қаласы, Түркістан қаласы, Төлеби, Шардара, Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал аудандарынан жалпы 16 команда бақтарын сынады.
Тартысқа толы өткен жарыстың қорытындысы бойынша қарсыластарын шақ келтірмеген «Кентау» спорт клубының командасы чемпион атанса, финалда сүрінген «Жетісай» спорт клубы командасы екінші орынды иеленді. Ал, үздік үштіктен көрінген «Мақтаарал» ауданының командасы қола медалді қанағат тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері және үздік ойыншылар демеушілер есебінен бағалы сыйлықтар мен кубоктар және медальдармен мараппатталды.
Сол сияқты аудан ауқымында спорттың дамуын көрсететін тағы бір мысал ретінде мақтааралдық кикбоксшының әлемдік жарыстан жүлдемен оралғанын да айта кетуге болады.
Венгрия елінің астанасы Будапешт қаласында 23 тамыз – 1 Қыркүйек аралығында кикбокстан Әлем кубогі өтті. Аталған жарыста Мақтаарал ауданының тумасы Ким Анжела Гаврошевна Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, 44 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге қол жеткізді.