ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасында әлеуметтік мемлекет ретінде басты мақсаттардың қатарында азаматтардың жайлы да қолайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету де кіреді. Осы мақсатын орындау үшін мемлекет тарапынан қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Оларға қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы, жергілікті бюджет есебінен де тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысы халқының саны көп аймақ ретінде баспана құрылысын жүргізу бойынша республикада алдыңғы орындарда келеді. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр баспана салынуда. Оның ішінде жеңілдікпен салынатын баспаналар да бар. Облыстың қала, аудандарында да тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқынмен жүргізіліп келеді.
Шардара ауданы әкімінің орынбасары Б.Шомпиев Шардара қаласы, Асемай, Болашақ, шағын аудандарында салынып жатқан 120 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары үшін салынуда. Б.Қуанышбайұлы тұрғын үйлердің құрылысын аралап, мамандарға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Айта кетсек, тұрғын үйлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» №736 қаулысына сәйкес, бағдарламасымен жүзеге асуда. Тұрғын үй құрылысын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.