СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОСПАРЫ ОРЫНДАЛУДА

Дүниежүзінде су қорының азайып келе жатқандығы жөнінде дабыл қағыла бастағанына да ондаған жылдар болды. Қазір әлемде ауызсуды ғана емес шаруашылыққа, басқа да қажеттілікке қолданатын суды да үнемдеу қатты қолға алынуда. Мемлекет басшысы бұған дейін де, биылғы жолдауында да суды үнемдеу мен тиімді пайдалану жөнінде айтып, нақты міндеттер жүктеп отыр. Ол «Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.
Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» деп еліміз бойынша бұл мәселеге қатты назар аударылуын талап етті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аумақта суды үнемдеу мәселесін көтеріп, нақты шараларды қолға алып, басқалардың да бұл мәселеге ерекше мән беруін талап етуде. Соның арқасында облыс аумағында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. «Тұран су» мекемесіне бөліп төлеу негізінде 85 арнайы техника сатып алынды. Облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі бүгінде көптеген табысқа жетіп жатыр. Мекеме ұжымының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары талқыланған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.
Биыл Түркістан облысында егістікке 817,4 миллион текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, 632,7 миллион текше метр су көлемі босатылған. Экологиялық қажеттілікке 272,8 миллион текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Кәсіпорынның меншігіндегі «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылады.
«Тұран су» мекемесінің меншігінде 18 су қоймасы, 3 су торабы 3 магистралді канал, 103 шаруаралық канал бар. Жалпы қазіргі кезде су қоймаларының жағдайы тұрақты деңгейде. Суармалы егістікке 2024 жылы 817,4 миллион жоспарлы лимит бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 миллион текше метрді құрады.
Қазіргі таңда «Тұран су» мекемесінің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Жалпы арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және өзге де техникалар бар. Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді.
2024 жылы Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.