ОБЛЫС ПРОКУРАТУРАСЫ «ИНВЕСТ-КЕРУЕН» АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

0
75

Президент Қ.К. Тоқаев биылғы Жолдауында «Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.

Алайда, кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек» деп кәсіпкерлердің заң аясында еркін жұмыс жасауын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Соған орай Түркістан облысында кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына кедергілер болмауын қамтамасыз ету мен заң аясында оларды қорғап, қолдау шаралары қолға алынуда.

Түркістан облысының прокуратурасы «Инвест-Керуен» акциясын іске қосты. Акция шеңберінде прокуратура әкімдік, «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Invest «ҰК» АҚ өкілдерімен бірлесіп инвестициялық жобалар өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңестер ұйымдастыруда.

Төлеби ауданы әкімдігінің конференц залында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Шаймұратұлы Келдібековтың төрағалығымен «Инвест-Керуен 2» акциясы аясында жиын өтті. Кездесуге аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев, аудан прокуроры Дастан Мырзағали қатысты.

Аудан көлемінде іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың жай-күйін зерделеуге бағытталған басқосуда Саян Шаймұратұлы кәсіпкерлермен тілдесіп, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Жиынның мақсаты — бизнес субъектілерінің құқықтарының бұзылуын қорғау және болдырмау, инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, кедергілерді анықтау және жою екендігін түсіндірген Саян Шаймұратұлы кәсіпкерлерді ашық диалогқа шақырды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті. Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді, — деді өз сөзінде облыс прокурорының орынбасары.

Еркін форматтағы кездесуде инвесторлар проблемалық мәселелерін сөз етіп, прокуратура мен аудан әкімдігі тарапынан оларды шешуге бағытталған шаралар қабылданатынын айтып, ұсыныстарын тыңдап, пікірлеріне назар аударды. Инвесторларды жеке қабылдаған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жою мақсатында көмектер көрсетіліп, кедергілер жойылатынын түсіндірді.

Шардара ауданында да инвесторлардың өзекті мәселелерін талқылау бойынша мәжіліс өткізілді. Аудан прокуроры Алмас Әлінің төрағалығымен өткен жиынға обылыстық энергетикалық басқармасының жауапты мамандары, аудандағы құзырлы мекемелердің өкілдері, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Мәжілісте күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер, яғни, аудандағы ивесторларға мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жеңілдіктер жайлы айтылып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелері талқыланды.

Тарқатып айтқанда, «Казкрахмал» ЖШС-нің инфрақұрылымы және ауыл шаруашылық егін жерлерге бөлінетін ағын суды оңтайлы мерзімде босату және зауыттың Ақшенгелді ауыл округіне қарасты 30 гектар жерге егілген жүгері алқабына уақытылы ағын су жетіспеушілігі, «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытына инфрақұрылым мердігер тарапынан уақытылы жүргізіліп пайдалануға беру. Бұдан бөлек «Шебер» тігін цехындағы ауыз су, табиғи газ мәселелері сараланды.

Жиында көтерілген сұрақтар бойынша жауапты тараптарға мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті тапсырмалар жүктелді.

Облыс прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, Кентау қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен “инвесторларды сүйемелдеу” мақсатында мекемеаралық мәжіліс өткізілді. Жиынға қала прокуроры Н.Ибраймолдаев, қала әкімі Ж.Тасов және инвесторлар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Мәжілісте аумақтағы инвесторларды қолдау, кедергілерді болдырмау бағытында мемлекеттік органдарға хаттамалық шешіммен тапсырмалар берілді. Сонымен қатар жиын қорытындысымен қалалық прокуратура және әкімдік өкілдері индустриалды аймақтағы кәсіпкерлік нысандарды аралап танысты.