ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

0
56

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер мен басқа да халықпен жұмыс жасайтын мекеме басшылары мен жауапты шенеуніктер өз аумағының тұрғындарымен кестеге сай кездесу, жеке қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Түркістан облысында да бұл жұмыс жақсы жолға қойылған.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың жеке қабылдауына ауыл тұрғындары келіп, түрлі жеке мәселелерін жеткізді. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, дербес бөлім және тиісті сала басшылары қатысты.

Бабайқорған ауылдық округі, Бабайқорған елді мекенінің тұрғыны Дүйсенкүл Ермаханова Бабайқорған ауылдық округі емханасынан келінін ескертусіз жұмыстан шығарып жібергені үшін шағымын айтып келді. Сонымен бірге, Бабайқорған ауылдық округі, Игілік ауылының тұрғыны Ережеп Қорғамбаев бірнеше мәселені алға тартты. Атап өтсек, Игілік елді мекеніне асфальт төсеу, ауыз су, ауылға мектеп салу, интернет байланысы үшін антенна орнату мәселелерін көтерді.

Ал, Шаға ауылдық округі, ХХХ жылдығы елді мекенінің тұрғыны Адырбек Базарбаев жер телімін заңдастырып беруін, осы аталған елді мекеннің тұрғыны Оразгелді Егізбаев ауыл шаруашылық жер теліміне инвестор тарту мәселесін жеткізді. Бұдан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округі, Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғыны Бибігүл Санғұлқызы тұрғын үй кезегімен үй алудың жай жапсарын сұрады.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.

Сондай-ақ, Президенттің алға қойған міндеттерінің бірі — сыбайлас жемқорлық пен парақорлықпен күрес, бұл қоғамдертіне айналған құбылыстардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу болатын. Бұл өзекті мәселе де Түркістан облысында белсенді түрде іске асырылып келеді.

Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан, Жаңа Иқан және Шаға ауылдық округтерінің тұрғындарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» құқықтық көмек көрсетті. Мобильді топтың мақсаты — ауыл тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсету, туындаған құқықтық мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, зеңгерлік кеңес берді. Топтың құрамында Антикор қызметкерлері, Әділет департаментінің және жергілікті атқарушы орган өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар және сот орындаушылар, жемқорлыққа қарсы еріктілер бар.

Аталмыш шараға аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Бахытжан Полатов пен қатар өзге де мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысып, аудан тұрғындарына көтерген мәселелері бойынша құқықтық кеңестер берді.