ӨТІНІШТЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарын орындау аясында жергілікті әкімдер мен олардың орынбасарлары аумақтағы тұрғындармен кездесулер, жеке қабылдаулар өткізіп тұруға міндетті. Әрі азаматтардың айтқан өтініш-тілектерін, арыз-шағымдарын, ұсыныстарын тыңдап қана қоймай заң аясында, неғұрлым қысқа мерзімде шешуді де ұйымдастырулары қажет. Түркістан облысында тұрғындармен арадағы қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарап, бекітілген кестеге сай азаматтарды қабылдау тұрақты жүзеге асырылып келеді.
Төлеби ауданында тұрғындармен кері байланыс, қоғаммен ашық қарым-қатынас жасау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бұл бағытта аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары бекітілген кестеде көрсетілгендей аптасына бір рет, бөлім басшылары күнделікті аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев ашық әкімдік кеңсесінде жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келгендер негізінен тұрғын үй, ауыз су, кәсіпкерлік нысанға жер бөлуге қатысты сұрақтарын қойды.
Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Б.Кенжебаев құс және балық шаруашылығын жүргізуді мақсат еткенін айтып, бизнес жоспарымен таныстырып, оны жүргізуге конкурс арқылы заң аясында арнайы жер бөлуді өтінді. Ленгір қаласы, Байтұрсынов көшесінің тұрғыны Ж.Абдукадирова көпқабатты тұрғын үйден алған пәтерін жекешелендіру жолдарын сұрастырып, сала мамандарынан кеңес алды. Ә.Мейірбекова тұрғын үй кезегі жақындағанын, пәтер жалдау құны артқанын айтып, пәтер кезегіне қатысты сұрақтарын қойды. Қапал батыр көшесінің тұрғыны З.Садықова ауыз суға қатысты туындаған мәселені сөз етіп, шешу жолдарына қатысты пікірін жеткізді.
Әрбір сұраққа толыққанды жауап берген Лесбек Әуезханұлы қабылдауда айтылған барлық өтініш хаттамаға тіркеліп, ол бойынша жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді. Өтініштердің бәрі бақылауға алынып, тиісті жұмыстар қолға алынатынын айтты.
Аудан әкімдігі тарапынан азаматтардың өтініштерінің қаралуы мен мерзімінің сақталуына тұрақты түрде талдау жүргізіледі.