АРДАГЕРЛЕР ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Түркістан облысының қала, аудандарында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауымен танысып шыққан жұртшылық, қоғамдық ұйымдар мен мекеме-кәсіпорын ұжымдары ондағы көтерілген мәселелерді қанағаттанғандықпен қабылдап, қолдау білдіруде. Оның ішінде Ардагерлер ұйымдары белсенділік танытуда.
Қазығұрт аудандық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында арнайы семинар-кездесу өткізілді. Алқалы жиынға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және барша мүшелері, аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудандық Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әкелер мектебі» және «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері, барша ауылдық ардагерлер қатысты.
Семинар-кездесу барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі және сол жолда Ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы жан-жақты баяндама жасады. Сондай-ақ, «Әкелер мектебі» ұйымының төрағасы Жүсіп Құрбанов және «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы Бағила Ысмаиыл қосымша баяндап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған 6 қазан күнгі жалпыхалықтық референдумға барша азаматтар Конституциялық құқықтарын пайдалана отырып, қатысуға шақырды.
Жиын барысында барша ауыл округ Ардагерлерінің төрағаларына және Әжелер алқасының төрайымдарына арнайы куәліктер табысталды. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, барша ардагерлер мен әжелерге, ұйым мүшелеріне ел атынан, әкімдік атынан үлкен алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс V пленумы болып өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, мекеме, ұйым басшылары қатысты.
Пленумның күн тәртібіндегі бірінші мәселе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Байдүлла Рахматуллаев, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет баяндама жасап, ардагерлер Жолдауда қамтылған тоғыз бағыт бойынша да өз қолдауларын білдірді. Алдағы кезде Жолдауды бастауыш ардагерлер ұйымы арқылы бұқара халыққа насихаттауға қаулы қабылданды.
Кезекті екінші мәселе – Әкелер мектебі мен Әжелер алқасының «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты тақырып аясында Әкелер мектебі төрағасының орынбасары Тоқсанбай Тасыбеков баяндама жасап атқарылған, алда атқарылатын жұмыстар, оған ардагерлердің атсалысуы жөнінде айтып өтті.
Келесі кезекте бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстары туралы және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларын, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы медиаторлардың төрағасын сайлау бойынша хабарлама жасап, оларды көпшілік дауыспен бекітті.
Пленумда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аббаз Тұрғымбаевтар ардагерлерге жасалынып жатқан қолдаулар мен алдағы 1 қазан – Қарттар күніне орай өткізілетін шаралар жөнінде айтып өтті.
Сол сияқты пленум соңында мерей жасқа толған ардагерлер марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков 80 жасқа келген Ақмұрат Абубакиров пен 70 жасқа толған Ибрагим Бектұрсыновты Алғыс хатпен марапаттап, «Құрмет. Абырой. Бірлік» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыс етіп, ұзақ өмір, отбастарына амандық тіледі.
Жиынды қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов ардагерлердің алдағы жұмыстарында жетістіктер тіледі.