ОҚУШЫЛАР ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА АТСАЛЫСТЫ

Президент Қ.К. Тоқаев қазақстандықтарға биылғы Жолдауында да еліміздегі экологиялық-тазалық шараларының жалғасып жатқанына, оның азаматардың күнделікті әдетіне, тазалықты сақтау мәдениетіне айналып келе жатқанын айтты. Ол «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деді.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жобасын Мемлекет басшысының жариялап, оның жүзеге асырыла бастағанына бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде қазақстандықтардың экомәдениеті, барлық жерде тазалықты сақтау мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл іске шама-шарқына қарай мектеп жасындағы балалар да қатыстырылуда. Өйткені, ел басшысы айтқандай бұл тазалық акциясы бір жылдық уақытша шара емес, ұзақ жылдарға арналған жоба болғандықтан және адамдардың экомәдениетін қалыптастыру арқылы қоқысты жинағанша, қоқысты тастап ластамау әдетін бойларына сіңіргенше жалғасатын шара. Сол себепты бала жастан жеткіншектерімізді тазалыққа, қоршаған ортаны ластамауға, табиғатты аялауға тәрбиелеу маңызды. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған мектеп оқушылары да атсалысты.
Тазалық шарасын қоғам белсендісі, «ТазаLike, ТазаLife» жобасының авторы Әсел Бимырзаева ұйымдастырып, оған ерікті азаматтар мен № 8 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары қатысты.
— Балалардың санасына тазалықтың не екенін түсіндіру үшін оны өзімізден бастауымыз қажет. Жалпы жас буынға қоршаған ортаны қорғап, таза ұстауды насихаттауымыз керек. Жасөспірімдерді осындай эко-жобаларға қатыстыру арқылы жақсы нәтиже көрсете аламыз деп ойлаймын, — деді табиғат жанашыры.
Сенбілік барысында қаладағы Сауран тұрғын алабына қарасты балалар ойын алаңшалары қоқыстан тазартылды. Шара соңында оқушылар көңілді ойын ұйымдастырып, сенбіліктің сәнін келтірді.