ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КЕЗЕКТІ ЛЕГІНЕ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» деп «Қарызсыз қоғам» жобасының қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын ашып, өмірлік жағдайда пайдалана білуін қамтамасыз етумен қатар алаяқтықтардан сақтануына да пайдасын тигізетінін де атап өтті.
Шын мәнінде қазіргідей электроника мен интернет, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамып бара жатқан заманда әрбір азаматтың жас демей, кәрі демей электрондық және қаржылық сауаттылығы ауадай қажет. Онсыз аңқиып көрінген жерде ақысын жегізіп, керек емес жерде қаржысынан қағылып жүреді. Сондықтан да Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасын барлық қала, аудандарда жұртшылыққа түсіндіріп, оларға семинар, тренингтер өткізіп, қаржылық сауаттылыққа оқыту жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.
Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы Арыс қаласында да қарқынды жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Осыған дейін Монтайтас пен Байырқұм ауылдарында өткізілген шара осы аптада қаламыздағы №17 кәсіптік колледжінде алғашқы оқу ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында, «Қаржылық сауаттылықты арттыру» бағдарламасы бойынша 40 сағат күндізгі курсын аяқтаған қаланың 100-ден астам тұрғынына арнайы сертификаттар табысталды.
Сертификаттарды қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов және «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және арнайы қаржы сарапшысы Мұратжан Есенбаев тапсырып, ауыл тұрғындарына сәттілік тіледі.
Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды үйреніп, өмірлік тәжірибе ретінде іске асыратындықтарын жеткізді. Оқу бағдарламасы аясында тұрғындарға жан жақты ақпараттар берілді. Оның ішінде:
— өз қаржыларын тиімді басқаруды;
— кредит алу мен депозит ашудың тиімді жолдарын;
— банкроттыққа тапсырудың алғышарттарын;
— алаяқтарға алданбау мен қаржылық пирамидалардың құрсауына түспеуді үйренді. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, банк карталарында бұғат (арест) болса шешіп беруге және төлей алмай жатқан несиелер болса жаңа график ашып беруге онлайн тегін заңгер қызметі көрсетілді. «Қарызсыз қоғам» жобасы алдағы уақытта қала көлемінде жалғасын табатын болады.