ӘКІМ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ҚАРАСПАНДЫҚТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Өйткені, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандар салу бойынша жұмысы қарқынды болса, ол салаларға инвестициялық жобалар тартылса әрбір елдімекеннің тұрғындарының өмірі жайлы да қолайлы болады. Азаматтарды Жұмыспен қамту жақсарып, тұрғындардың тұрмыстарының деңгейі жоғарылап, қалалықтармен деңгейлес болады. Сол үшін де Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық, қала, аудан әкімдерінен өздеріне қарасты өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуды, сапасын көтеруді талап етеді.
Осы орайда елдімекендердегі инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстарының барысын қадағалау мақсатында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бадам, Шұбар, Шұбарсу ауыл округтеріндегі бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен, аудан басшысы сала мамандарымен бірге Бадам ауыл округіне қарасты Ордабасы, Орда мөлтек ауданында болып, ондағы ауыз судың уақытылы берілуін және ауыл тұрғындары толығы дерлік ауызсумен қамтылуын қамтамасыз етуін тапсырды. Аталған елді мекенде жаңадан төселген тас жолмен танысып, сала орынбасарына ауылдарда жүргізіліп жатқан жол мәселесінің стандартқа сай сапасына мән беріп қадағалауды міндеттеді.
Тұрғындардың өтініші негізінде көптеген елді мекендерде балалар ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, толық пайдалануға берілуде. Соның бірі Ордабасы ауылына жаңадан салынған ойын алаңшасымен танысқан аудан әкімі алаңшаға кіретін жолды бетондап, кіретін есігін дұрыстау керектігін айтты. Және сондағы ауыл тұрғындары мен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Мұнан соң, Бадам ауылындағы су жинақтауыш мұнараның құрылысымен және аяқталуға жақын спорт кешеннің қазіргі жұмыстарымен танысты. Аталған нысандар сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды. Табиғи газ мәселесі аясында Шұбар, Шұбарсу ауылына газ жеткізуші ҚТИА жобасының құрылыс барысын пысықтады.
Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай аудан көлемінде жоспарлы жұмыстарды қарқынды жүргізіп, мерейтой құрметіне барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуге тырысып жатқан ордабасылықтар ауданның құрылуының даталы күнін көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алу мақсатында ауданда «Ауылым алтын бесігім» атты өнер фестивалі өтуде. Аталмыш фестиваль аясындағы шаралар барысында бірнеше ауылдарда өнер көрсетіліп, көрме, басқа да түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, кезекті концерттік бағдарлама Қараспанда өтті.
Қараспан ауылдық округінде ұйымдастырылған шарада қолөнер шеберлерінің және мектеп оқушылары жасаған бұйымдарының көрмесі өтті.
Сондай-ақ, ұлттық тағамдар мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық өнімдері де жұрт назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, спорттық жарыстар өтті.
Аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков қараспандықтарға жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс жариялап, сый-құрмет көрсетті.
Жоғарғы деңгейде өткізілген іс-шара барысында аудандық Мәдениет үйінің және Қараспан ауылдық округінің өнерпаздары көпшілікке ән-күй тарту етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.