ОТЫРАРДА АУЫЛ ӘКІМІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген Жолдауында мемлекеттік басқару, атқарушы органдар жұмысын жетілдіру, сайлау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды» деп былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау басталып, барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланғанын және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделененін айтты. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылданып, келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшіп, содан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетіндігін де айтты.
Түркістан облысында 2021 жылы басталғалы бері біртіндеп ауыл әкімдерінің сайлаулары жалғасып келеді. Отырар ауданында 2024 жылы 15 қыркүйекте өткен Қоғам ауылдық округі әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Қоғам ауылдық округінің әкімі болып Жамалханов Шоқан Жамалханұлы сайланды.
Соған байланысты Қоғам ауыл округіне арнайы барған аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы жаңадан сайланған ауыл әкімін қоғамдықтарға таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімі халықпен тығыз байланыста, ауызбіршілікте және түсіністікте жұмыс жасау керектігін айтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған негізгі міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Жиын барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Жұбаев жаңадан сайланған әкімге куәлік тапсырды.
Жамалханов Шоқан Жамалханұлы 1974 жылдың 3 ақпанда Отырар ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары 1998 жылы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы Отырар аудандық мемлекеттік нотариаттық кеңсесінде келісімшарт негізінде қызметкер болып бастаған.
2002-2011 жылдары Отырар аудандық сотының сот приставы, аға сот жасауылы, сот мәжілісінің хатшысы, 2011-2012 жылдары аудан әкімі аппаратының бақылау және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, 2012-2017 жылдары ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің басшысы, 2017-2019 жылы ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы, 2019 жылдан осы уақытқа дейін аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген.