ОБЛЫСТА ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БОЙЫНША ЖҰМЫС ЖАСАЛУДА

0
61

Мемлекеттің отбасы құндылықтарын сақтау мен дамыту бағытындағы саясаты тұрақты жүргізіліп келеді. Ол саясатты жүзеге асыру үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен жобала, заңдар қабылданған. Сол сияқты Отбасына қатысты қоғамдық ұйымдар да отбасылық құндылықтарды, өнегелі отбасыларды насихаттап, проблемаларды шешуге атсалысып, түрлі іс-шаралар атқарып келеді. Түркістан облысында да мемлекеттік Отбасылық құндылықтарға қатысты саясатты жүзеге асыруда көптеген шаралар атқарылуда. Үлгілі отбасылар насихатталуда, жас отбасыларға отбасының беріктігін қалай сақтап қалу туралы айтылуда. Шаңырақ шайқалмауы үшін басқа да шаралар өткізіліп отырады.
Түркістан облысындағы халық тығыз орналасқан аудандардың бірі Келес ауданы болып табылады. Аудан орталығы Абай ауылындағы №7 жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Мұхтар Абдрахманұлы мен оның жұбайы тарих пәнінің мұғалімі Индира Асылбекова отбасында 8 перзентті тәрбиелеп отыр.
– Мұғалім мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Жарым екеуіміз де ұстаздық жолын таңдағанбыз. Ал тұңғышымыз Диана Шымкент қаласындағы №47 Т.Тәжібаев атындағы гимназия мектебінде, екіншіміз Мадина — студент. Ұлжан, Балжан, Нұрмұхаммед, Байкен – мектеп қабырғасында. Тауман мен Асылым балабақшада тәрбиеленуде. Қазіргі таңда біз заман талабына сай өмір сүріп, өркендеріміздің робототехника саласын дамытуға үлес қосуы үшін барымды салып келемін, — дейді Мұхтар Абдрахманұлы.
Үнемі ізденісте жүретін мұғалім мектепте оқушыларды робототехникаға баулып, олардың аудандық және облыстық олимпиадаларда бақ сынауына мұрындық болып жүр. Жас өрендердің анасы Индира болса тарих пәнінен сабақ береді. Қос бірдей ұстаздан тұратын отбасында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге құрметпен қарау, отаншылдық қасиеттері қалпытасқан.
Сол сияқты Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Дилшод Сайдумаровтың шаңырағында қайғылы жағдай орын алып, үйі өртенген болатын. Абырой болғанда адам шығыны орын алмады. Үй толығымен өртеніп, жарамсыз халге жеткен. Өрттің шығуы электр желісінің қысқа тұйықталуынан орын алған.
Бүгінде дүйім ел ауылдастарының басына түскен қайғылы жағдайды жабылып шешу мақсатында «Асар» жолымен көмек көрсетуде. Осы орайда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев аталған шаңыраққа барып, отбасының бүгінгі жағдайымен танысты.
— Өрт тілсіз жау. Орын алған жағдай бойынша жергілікті әкімдік пен коммуналдық мекемелер тиісті шараларды ұйымдастырады. Қажетті техникалар және тұрғын үй ресурстары жеткізіледі. Жауынды маусым басталғанша үйіңіздің негізгі бөлігін аяқтап, үстін жабу жұмыстары ұйымдастырылады. Осындайда елдігімізді көрсетіп, қолғабыс болған барша жерлестерге алғысымды айтамын. Жағдайды өз бақылауымда ұстаймын, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үйдің электр бағаналары орнатылып, үйдің қабырғасын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі Қошқарата ауылдық округінің әкімі мен Келес Қызмет мекемесінің басшысына жұмысшылар санын арттырып, үй құрылысын ширатуды тапсырды.
Ал, Шардарада аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мәжілісі өтті.
Жиында күн тәртібіндегі: балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу жұмыстары, қарт адамдарды, жалғызілікті қарттарды әлеуметтендіру шаралары және әкелер институтын нығайту және әкенің отбасылық тәрбиедегі рөлін арттыру туралы мәселелер көтерілді.
Әрбір тақырып бойынша атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, жоспарлар пысықталды.
Комиссия мүшелері отбасындағы мәселелерді жеке-жеке талқылап, жауапты тараптарға тапсырмалар жүктелді.