СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫСТАНУШЫЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

0
70

Қазақстан Республикасының территориясы әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орынды алып жатыр. Мұндай байтақ территория ата-бабаларымыздың бізге білектің күшімен қорғап, қалдырып кеткен аманаты саналады. Сондай байтақ территорияда бүінде қазақ жалқымен бірге барлық осында мекендеуші этностарды қосқанда жиырма миллионнан сәл астам ғана адам тұрып жатыр. Оның үстіне Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң бірқатар этностардың өкілдері өздерінің тарихи отандарына көшіп кетті. Олардың көші әлі жалғасуда. Содан келіп, еліміздің бұрын басқа этностар жиірек мекендеген аймақтарында тұрғындар саны күрт азайып келеді. Ол аймақтарда елдімекендер қаңырап бос қалып, мектептер жабылып, кәсіпорын, мекемелерде жұмыс істейтін жұмыс күші жетіспеуде. Сол себепті де мемлекетімізде халық жиі қоныстанған облыстардан, солтүстік және шығыс аймақтары халық саны селдіреп қалған облыстарға халықты мемлекеттік бағдарлама арқылы көшіріп, қоныстандыру жоспары жасалып, бірнеше жылдан бері іске асырылуда.
Еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған азаматтар саны жыл санап артып келеді. Бұған себеп — мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы. Көшіп барған азаматтардың жай-күйімен танысу мақсатында түркістандық арнайы жұмысшы тобы теріскейге барды. Себебі, Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшіп барушылардың қатарында Түркістан облысынан қоныс аударушылар басым.
Солтүстікке көшіп барған түркістандықтардың жағдайымен танысуға барған жұмыс тобының өкілдері алдымен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында аға дәрігер болып жұмыс істейтін Аян Ерханұлымен кездесті. Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы теріскейге осыдан 5 жыл бұрын қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі 5 жыл ішінде ауа райына әбден үйренгенін айтып, өзге жерлестерін де қоныс аударуға шақырды.
Одан соң жұмысшы топ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі — «Элеватор Тайынша» ЖШС-да болды. Аталған нысанның директоры — Түркістан облысы Түлкібас ауданында кіндік қаны тамған Шыназбек Балқыбек. Қазір кәсіпорын теріскей тұрғындары мен күнгей өңірден қоныс аударған азаматтарға қолдау білдіріп, олардың еңбек етуіне мүмкіндік жасап отыр. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірден көшкен 30-дан астам азамат кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тапқан.
Жұмысшы топтың келесі сапары Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Онда сарыағаштық Усмановтар жанұясы «Шымкент» атты кафе ашып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар бұл өңірге 2017 жылы қоныс аударған. Жеке кәсібін ашып, несібесін көріп отырғандар қатарында Қасым Амангелдин де бар. Шымкенттік жігіт бүгінде Петропавл қаласының қақ ортасынан ер жігіттерге арналған шаштараз ашып, солтүстікке әбден бейімделіп үлгерген.
Оңтүстік өңірлерде халық тығыз орналасқандықтан жұмыс табу оңау емес, ал солтүстік пен шығыс аймақтарда жұмыс күші жетіспейтіндіктен қалаған жұмысыңды табуға болады. Оған қоса мемлекет тарапынан берілетін төлемдер бар. Сол сияқты ол жақта жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткендердің тасы өрге домалап, жұмысын дұрыс ұйымдастыра алса аз жылда толағай табысқа кенелетіні онда бәсеке аз. Сондықтан облыс аумағында жұмыссыз жүргендер, әсіресе орта жастағылар және жас отбасылары мемлекеттік бағдарламамен солтүстік өңірге қоныс аударса ұтылмасы анық. Екінші жағынан қоныс аударушылар мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қоспақ.