6 МЫҢ НЕКЕ ТІРКЕЛІП, ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ДӘРІПТЕЛУДЕ

Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында «Отбасыларды қолдау, нығайту және қорғау, отбасылар мен олардың мүшелерінің физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдайлар жасау, ананы, әкені және баланы қорғау мемлекеттік отбасылық саясаттың мақсаттары болып табылады» делінген.
Сол сияқты Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі отбасы құндылықтарын нығайту, жас отбасыларды қолдау саласында, сондай-ақ, отбасылар жиі кездесетін проблемалы мәселелерді зерттеуде кешенді жұмысты жүргізеді.
Отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі басымдықтары болып табылады.
Жыл басынан бері Түркістан облысында 6 мыңнан астам неке тіркелді. Жас жұбайлардың орташа жасы – 22-ден 25 жасқа дейін. Көбінесе азаматтар наурыз, тамыз және қыркүйек айларында үйленген.
Сонымен қатар биыл облыста орта жастан асқан тұрғындар да некеге тұрған. Жұптардың бірі елуден асқандар. Өткен жылы 50 жастан асқан ерлі-зайыптылар арасында 8 неке тіркелді. Ал биыл 45 жастан асқан 10 жұп үйленген.
«Бұл деректер шабыттандырады және өмірдің әрбір кезеңі бақыт пен жаңа бастамаларға толы болуы мүмкін екенін еске салады», деп түсіндірді Түркістан облысы бойынша АХАТ басқармасының басшысы Аян Өтекей.
Мұндай мысалдар неке мен отбасы өмірлік қуаныш пен үйлесімділіктің көзі бола алатындығын көрсетеді. Сол сияқты облыс аумағында некеге тұрған жастармен отбасылық құндылықтар туралы түсіндіру, өнегелі отбасы болуды насихаттау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, көптеген шаралар іске асырылып келеді.
Түркістан облысында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасылардың некелік беріктігін сақтауды уағыздау сияқты шаралар жиі өткізіледі. Өйткені, «Отан – отбасынан басталады» дегендей қазақстандық әр отбасының шаңырағының берік болуы мемлекетіміздің мызғымастығының кепілі.
Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен «Отбасының құндылықтарын насихаттау және отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы» атты іс-шара өткізілді. Тағылымы мол шараға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы орынбасары Күміс Мирова, «Ардагерлер кеңесі» мүшелері, аудан бойынша «Әкелер мектебінің» төрағасы, «Әжелер» алқасы және колледж студенттері, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары («Хабар24», «Sairam» телеарналары) жалпы саны 70 адам қатысты.
Ауқымды жиынға ақын әжеміздің кіндігінен тараған Шонтықовтар отбасы, Құрмантаевтар және Төлендиевтер әулеттері арнайы шақыртылды. Олардың тарапынан өскелең ұрпаққа, жас отбасыларға отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы туралы үгіт-насихаттар және тәрбиелік мәні терең ақыл-кеңестер айтылды.
Шуақты іс-шара ауданымыздың талантты өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.