«ҚҰТ ДАРЫҒАН ТАЙҚАЗАН» АТТЫ КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
75

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралғанына 35 жыл толуына орай, Түркістан облысы, Сауран ауданының жалпы білім беретін мектептерінде «Құт дарыған Тайқазан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Бұл қазан әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы 25 маусымда (хижра 801 жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. Ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи жасаған. Тайқазан сирек кездесетін жеті асыл металдың(мырыш, жез, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі- 2,42 метр.Тұғырының биіктігі — 0,54 метр, диаметрі – 0,607м.
Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. Жалпы салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр болатын қазан су құюға ғана арналған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған.
Ғасырлар бойына Түркістанның құтына айналған тайқазанды, бүкіл түркі әлемі қасиетті ретінде кие тұтқан жәдігер 1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты музей Эрмитажға, Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Түркістанға қайтарылды.
Көрмеге 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тайқазанды қайтару туралы архивтік тарихи құжаттар, Тайқазанның макеттері, орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері бар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық аса құнды жәдігер – қасиетті Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ елді мекеніндегі ұстаханада құйылған. Алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан құйылған Тайқазанды Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ұста Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен, 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған.
Көрмеде Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлкен үлесі де тарихи құжаттармен нақтыланып, көрсетілді. Көшпелі көрме Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектептерде өткізіліп, мектеп ұжымы мен оқушыларының зор қызығушылығын тудырды.
Көрмеден көптеген жағымды әсерлер алған оқушылар мен келіп көрушілер ата-бабаларымыздың құдіреттілігі мен бай тарихының бір кезеңіне қатысты көптеген деректерді білді. Бұл олардың бойына туған жерге, ұлттық құндылықтар мен халқына, отанына деген сүйіспеншілік қасиеттерді сіңіріп, рухын көтерді