БҮКІЛӘЛЕМДІК ТАЗАЛЫҚ КҮНІ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ТАЗАЛЫҚ СЕНБІЛІКТЕРІ ӨТКІЗІЛДІ

0
105

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан облысында көктемде басталған тазалық жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар бүгінде адамдардың бойында тазалыққа деген көзқарасты қалыптастырып, адамдар қоқысты тазалауды емес қоқысты тастамауды үйреніп, әдетіне айналдырып келеді. Яғни қазақстандықтардың бойында экомәдениет пен туған жерге, туған ауыл мен көшеге деген құрмет қалыптасуда.
Бүкіләлемдік Тазалық күніне орай, Созақ ауданында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Эко шараның негізгі мақсаты — азаматтар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру. Аудандық ардагерлер алқасы бастаған топ «Ысқақ баб» кесенесінің айналасында шашылған қоқыстарды жинап, киелі мекен аумағын қураған шөптерден тазартты. Шара соңында жиналған 1 тоннаға жуық қоқыс арнайы полигонға жеткізілді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, абыз ақсақал Әбдірашұлы Садық та тазалық жұмыстарына қатысып, өз үлесін қосты.
-«Таза Қазақстан» бағдарламасы – бүкіл елін, жерін жақсы көретін азаматтардың басын қосып, туған жерін тазалап, ағаш егіп, экологияны сақтауға бағытталған бағдарлама. Біз өз өлкемізді күл-қоқыстан тазалай отырып, өскелең ұрпақты экомәдениеттілікке, қоршаған ортаны қорғауға үйретеміз. Табиғат ананы қорғай білсек, келер ұрпақ алдында мәртебеміз биік болмақ», деді ақсақал.
Сондай-ақ созақтықтар Шолаққорған елді мекеніндегі «Орталық» саябақпен қатар, Таукент ауылында орналасқан «Жастар» саябағында да тазалық жұмыстарын жасады. Шараға елді мекен тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ардагерлер және еріктілер атсалысты. Эко шара аясында демалыс аймақтарында қоқыстар жиналып, қураған ағаштардың бұтақтары кесіліп, ретсіз өскен шөптер шабылды. Эко шараға 100-ге жуық адам қатысып, қос саябақ аумағынан 8 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Туристер үшін тартымды мекен саналатын Қызылкөл көлінің аумағында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Көлдің айналасы, емдік қара балшығы бар аумағы мен көлге апарар жолдың бойы тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстардан тазартылды.
Ал, Арыс қаласының белсенді жастары Халықаралық жастар күні қарсаңында «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, Теміржолшылар саябағында сенбілік ұйымдастырды. Сондай-ақ, ауыл жастары мен мәдениет саласының майталмандары да тазалыққа үн қатты. Бұл іс-шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, туған қаламызды таза және жайлы етуге үлес қосу.
Тазалық шарасы барысында саябақтағы қоқыстарды жинап, ағаштардың түптерін әктеп, гүлзарларды суарды. Саябаққа демалуға келген тұрғындар да жастардың бұл іс-шарасына жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді.
Бұл сенбілік Арыс қаласының жастары үшін тек қана еңбек емес, сонымен бірге бір-бірімен жақын танысуға, пікір алмасуға, достықты нығайтуға үлкен мүмкіндік болды.
Халықаралық жастар күні – бұл жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды мереке. Арыс қаласының жастары өздерінің ынта-жігері мен жауапкершілігі арқылы бұл күннің мән-маңызын айқын көрсетті.
Акция аясында, Арыс қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері, қаламыздың ерікті жастарымен, қала аумағындағы Теміржолшы елді мекенінде, Арыс өзені бойына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы – тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізетін бастамалардың бірі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Арыс қаласында ауқымды істер атқару жалғаса бермек.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы, Түркістан облысында өткізілген сенбіліктерге 3,5 мыңнан астам тұрғындар қатысып, 98 техника тартылды. Нәтижесінде 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Бағдарлама аясында Түркістан облысы аумағында «Үлгілі ауыл» байқауы бастау алған. Байқаудың негізгі критерийлері ретінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткізілген іс-шаралардың саны, насихаттау көрсеткіші, ауылды көгалдандыру, абаттандыру, тазалықтың сақталуы, ауылдың экологиялық жағдайы назарға алынып, байқаудың жүлдегерлері үшін жергілікті бюджеттен әлеуметтік нысандар салынатын болады.