РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНЫҢ МЕРЕЙЛІ XXV МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Халықтың рухын көтеріп, мәдени деңгейін жоғарылататын, көңіл көкжиегін кеңейтетін – театр. Ол мемлекетік саясатты халыққа жеткізуде, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда да маңызды рөл атқарып, ағартушылық, насихаттық қызмет атқара алады.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры мерейлі XXV маусымның шымылдығын түрді. Жаңа маусым театрдың төлқұжатына айналған Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» қойлымымен ашылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері де арнайы келіп тамашалады. Маусымашармен құттықтап, ізгі лебіздерін арнады. Келушілерге театр жанынан ашылған Райымбек Сейтметов мұражай үйінен театрдың 25 жылдан бері келе жатқан құнды жәдігерлер мен алған марапаттары көрме ретінде ұсынылды. Ғимарат алдында жанды дауыстағы әсем шығармалар көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Көк түріктер» тарихи трагедиясы заманымыздағы 630 жылы Қытай империясы жеңіліске ұшыратқан I Көк Түрік Қағанатының ұлт азаттық күресін суреттейді. Бұл тарихи қойылымда Қытайдың саясаты түркі қағанатының ішінен іріткі салып, билік, мансап үшін бауырлас адамдар бір-бірінің қанын төгуге дейін барады. Қытай империясы қулық, айлакерліктің арқасында ешқашан жеңілістің ащы дәмін татпаған, ұлы Көк Түрік қағанатына шабуыл жасап орасан зор зардап әкеледі. Алайда ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында Көк түрік мемлекеті өзінің елдігін сақтап қалады.
Басты рөлдерді Мұрат Құрманбеков, Гүлзада Айтбаева, Айдар Наурызбаев, Маханов, Аяз Ильясов, Олжас Сарсенов, Талғат Қарынбаев, Майра Мақұлбекова, Рауан Шырынбеков, Камшат Аштекова, Қанат Садықбеков, Алмагүл Индемесова, Ғалымжан Жакипов сынды әртістер сомдап шықты.
Қойылымды алғаш рет қазақ театр өнерінің майталманы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Халық әртісі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының бас жүлдегері, профессор Райымбек Сейтметов сахналаған. Қойылымда музыкалық көркемдеуші – Арман Дүйсенов, қоюшы суретші – Қалтөре Жұмағұлов. Театр аталған қойылыммен 2000 жылы Алматы қаласында өткен «Европа бірлігі» фестиваліне қатысқан. Бірінші күні елдің атынан Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» спектаклін ойнаса, екінші күні Түркия мемлекетінің арнайы өтінішімен спектакль түрік тілінде сахналанды. 2000 жылы Түркия мемлекетінің арнайы шақыртуымен Анкара, Сивас, Кайсери, Қырықкәле, Кония, Нидде, Маталия, Ерзум, Герсун, Анталия, Спарта сияқты қалаларында гастрольдік сапарға барып қайтты. 2001 жылы 1 қарашада театрда Елбасы қонақта болып, осы спектаклді тамашалаған болатын.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры жаңа маусымда қоржынын ерекше қойылымдармен толықтырмақ. Мерейлі маусым қарсаңында театр орыс жазушысы В.Шукшиннің 6 прозалық шығармасынан жиынтық жасап, «Ауыл әңгімелері» спектаклін қояды. 20-21 қыркүйек күндері өтетін қойылым премьерасына қазіргі таңда қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы маусымның ашылуы алдында ұйымдастырылған баспасөз жиынында театр басшысы Арман Алиев мәлімдеді. Оның айтуынша шығармашылық ұжым дәл осы қойылыммен Ресейдің Барнаул қаласында өтетін «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатыспақ. Бұл фестиваль екінші рет В.Шукшиннің 95 жылдығына орай қыркүйек айының 18-27 күндері аралығында ұйымдастырылып отыр. Аталған қойылым режиссері – Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафин.
Пресс-конференцияға қатысқан театр актерлары өңір журналистері мен зиялы қауым өкілдеріне театр тынысы туралы баяндап, тарихи қойылымдардан сыр шертті. Сонымен қатар келушілерге театр жанынан ашылған Райымбек Сейтметов мұражай үйінен театрдың 25 жылдан бері келе жатқан құнды жәдігерлер мен алған марапаттары көрме ретінде ұсынылды.