ҚАБЫЛДАУҒА КЕЛГЕН ӘР ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

0
58

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде елімізде жергілікті әкімдіктер тұрғындармен кездесіп, арнаулы кестеге сай жеке қабылдаулар өткізіп халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен арыз-шағымын, өтініш-ұсыныстарын біліп отырады. Біліп қана қоймай оларды заң аясында жүзеге асыруды қолға алады. Бұл шара халық пен биліктің арасындағы қатынастарды жақсартып, өңірді дамытуға бірлесіп атсалысуға септік етеді.
Бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен тұрғын үй, түнгі жарық орнатып, электр энергиясымен қамтамасыз ету, жер, ауыз су мәселесі секілді түйткілдерді көтерді.
Шымкент қаласының тұрғыны И.Құнанбаев арнайы технология арқылы қалдықсыз өндіріс дайындауды қолға алғанын, төрт түліктің таза табиғи өнім арқылы етінің қонымды, сүтінің сапасы артыратын тәсілді тапқанын айтты. Көкөніс пен жеміс-жидектен мол өнім алуға арналған тыңайтқыштар дайындайтынын түсіндіріп, сол кәсіпті үйренетін шәкірттер іздеп жүргенін айтты.
Көксәйек елді мекенінен келген М.Тұргынбаева тұрғын үй кезегіне қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.
Ленгір қаласы, Ақмаржан көшесінің тұрғыны Г. Әшірбекова Жаңакүш және Екпінді елді мекендеріндегі арка құрылысын жүргізген мердігер мекеме басшысына қатысыты шағымын жеткізіп, аудандық салық басқармасы ғимараты жанынан №6 мектепке барар жолға түнгі жарық орнатуды сұранды.
Бірінші Мамыр ауылдық округінің тұрғыны И.Шакуов балық шаруашылығын жүргізуді қолға алғанын айтып, конкурс арқылы арнайы жер телімін алу жолдарын сұрастырды. Сондай-ақ, түңгі жарық мәселесін сөз етіп, ауылдық округ әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға баға берді.
Ленгір қаласы І мөлтек ауданы №35 үйдің бір топ тұрғындары жуырда орын алған төтенше жағдайға байланысты үйдің шатырынан өрт шығып, ондағы ақауларды қалпына келтіру жұмыстарының барысына қатысты ұсыныстарын айтып, пікірлерін жеткізді.
Киелітас ауылдық округ тұрғыны И.Абдуллаев кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесі елді мекеннің бас жоспарына сай, тұрғын үй алқабына енгенін кеткенін айтып, балық шаруашылығын дамыту үшін 1.5 га жер бөлуді өтінді.
Достық елді мекенінің С.Адамбаев бастаған бір топ тұрғындары Сүлеймен, Шалхар көшелерін асфальттау, кем-кетік жерлерін жөндеуге ұсыныстарын айтты.
Ленгір қаласы, 1 мөлтек ауданы тұрғыны Г.Тәңірбергенова кондоминиум жері бойынша туындаған мәселеге қатысты сала мамандарынан кеңес алды.
Қаратөбе елді мекенінің М.Тажибаев бастаған тұрғындары ауыз су, мектеп құрылысы, жолға мәселесін көтеріп, шешу жолдарына қатысты сұрақтарын қойды.
Жаңажол елді мекенінен келген бір топ аналар жолды асфальттап, ауыз судың қысымын реттеуді сұранды.
Келушілердің ұсыныс-пікірі, өтінішін назарға алған аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы әр мәселенің себеп-салдары зерттеліп, заң талаптары шеңберінде шешу жолдары қарастырылатынын түсіндірді. Тиісті заңдылықтарға сәйкес жұмыстар жасалатындығын айтып, тиісті сала басшыларына жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесін бақылауға алу жөнінде тапсырма жүктеді.
Сол сияқты Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындар шаһар басшысына өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауға келген азаматтар тұрақты жұмыс, тұрғын үй кезегі, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы, денсаулық, ауылдарды көркейту және абаттандыру сынды мәселелермен жүгінді. Қабылдау барысында қала әкімі әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, заңдылыққа сәйкес түсініктеме берді.
Сонымен қатар, жұмыс сұраушыларға бүгінгі таңда қала бойынша бос жұмыс орындарын ұсына отырып, мәселесін шешу үшін тиісті бөлімның жауапты қызметкерлеріне тапсырмалар жүктеді.