ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген Жолдауында мемлекеттік басқару, атқарушы органдар жұмысын жетілдіру, сайлау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды» деді.
Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындары өз таңдауларын жасап, демократиялық жолмен өз әкімдерін сайлады. Сайлау ережесіне сәйкес халықтың арасында кездесулер өткізіп, алдағы жылдары жұмыс істеуге бағытталған бағдарламаларын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстары жұртшылықтың көңілінен шыққан Елеусізов Нурболат Әбдімажитұлы округ әкімі болып сайланды.
Осынау саяси додада көпшіліктің күдігін сейілтіп, елдің сеніміне ие болған, сайлауда жоғары дауыс жинап әкімдік лауазымға лайықты деп танылған Нұрболат Әбдімажитұлын бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Ұсенұлы Мамытов пен Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Серіков сайлау комиссиясының шешімі мен куәліктерін салтанатты түрде табыс етті. Шараға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, жергілікті ақсақалдар мен мекеме басшылары қатысты.
«Әрбір азамат саясатқа тікелей қатысып, ауыл басшылығын өзі сайлауға қатысып дауыс беруі және әкімнің әрі қарай жұмысына сенім білдіруі жергілікті өзін-өзі басқару принциптерін жүзеге асырылуына әсерін тигізеді.
Өз кезегінде, сайланған әкімдер ең алдымен өз ауылдарының инфрақұрылымдық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы мәселелерін қажетті инвестицияларды тарту және қаржыландыру арқылы шешуге тырысуы тиіс.
Тұрғындар мен әкімнің арасында ешқандай да кедергі болмауы керек. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының орындалуының бір көрінісі деп білемін» деген аудан басшысы Ынтымақ ауылдық округіне сайланған жаңа әкімге елді мекендердегі қордаланған мәселелерді шешуді, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жоғарылатуды, санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелендіру мен бұқаралық спортты дамытуды тапсырып,ісіне сәттілік тіледі.
Елеусізов Нурболат Әбдімажитұлы 1992 жылы 21 ақпанда Шымкент облысы, Киров ауданы, Победа совхозында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі 10 жыл 9 ай 26 күн.
20213 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, 26.11.2013 – 26.01.2015 жылдары Мақтарал ауданының Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-заңгер;
26.01.2015 –16.09.2024 жылдары Мақтаарал (Жетісай) ауданының Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша бас маман қызметтерін атқарған. Отбасылы, 4 перзенті бар.
Сайрам ауданына қарасты Көлкент ауылдық округі әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Юлдашов Уткиржон Авазханович Көлкент ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Осыған орай, аудан әкімінің аппарат басшысы Айбек Ақылбекұлы Көлкент ауылдық округі әкімдігінің активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Жиын барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының куәлігі табысталды.
Юлдашов Уткиржон Авазханович 05.01.1977 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы – агроном.
Еңбек жолында 2002-2006 жж. Сайрам ауданы, Көлкент ауылы, Көлкент ауыл округі әкімі аппаратының Әскери есеп столы маманы (келісімшарт негізінде), 2006-2011 жж. Әскери есеп столы маманы, 2011-2020 жж. бас маман — жер инспекторы, 2020-2021 жж. Көлкент ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы (арнайы тексеруден өткенге дейінгі мерзімге), 2021 жылғы ақпан айының 3-інен бүгінгі күнге дейін Көлкент ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған.