ҚОС МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҚОС БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

0
60

Мемлекет ел болашағы жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, балалардың бақытты балалық шағы болуын қамтамасыз ету мақсатында көлемді шараларды атқаруда. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылып, 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылғанын айтқан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек» деді.
Түркістан облысының Арыс қаласында қала күні қарсаңында ерекше оқиға орын алды – жаңа балабақша өз есігін айқара ашты. Қаланың ең жас тұрғындарына арналған бөбекжайдың лентасын салтанатты түрде қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қаланың құрметті қонақтары қиды.
Маңызды шараға қала тұрғындары, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты. Су жаңа балабақшаның ішін аралап көрген қала әкімі өз сөзінде бұл балабақшаның балалардың толыққанды дамуы мен тәрбиесіне үлкен үлес қосатынын атап өтті. Ол сондай-ақ қала әкімдігі жекеменшік балабақшаның құрылысын уақытылы аяқтап, сапалы жұмыс атқарған балабақша меңгерушісіне алғысын білдірді.
«Почтовый» тұрғын ауданында орналасқан 140 орындық жаңа балабақша заманауи стандарттарға сай салынған. Қосқабатты балабақшада балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық жағдайлар жасалған. Мекеме заманауи құралдармен жабдықталған және жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуға арналған бағдарламалармен толықтырылған.
Қос мереке қарсаңында ашылған бөбекжай – қаланың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы кезекті қадам. Қала әкімдігі алдағы уақытта да осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра беретін болады.
Айта кетейік, Арыс қаласының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10 балабақша мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5841 бала тәрбиеленуде.
Қала күніне орай мерекелік тартулар жалғасуда. Арыстықтар үшін айтулы саналатын мерекені қала жұрты қуанышпен қарсы алды. Бүгінгі мереке қарсаңында Отырар тұрғын ауданында қос бірдей балабақша ескі ғимаратты тастап, жаңадан бой көтерген ғимаратқа ауысып, ресми ашылу салтанаты өтті.
Қос қуаныштың алғашқысы Отырар тұрғын ауданындағы «Нұр Аяла» бөбекжай балабақшасы. Аталмыш балабақшаның ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ата-аналар қатысты.
Шараны шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова ашып, тұрғындарға ізгі тілегін жолдады.
«Берсең балаға бер» деген дана халқымыз қашанда балаға қаморлықты басты орынға қойған. Сондықтан, ел болашағы саналатын бүлдіршіндерге жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Ендігі тілек осы балабақшаның ішінен бүлдіршіндер сапалы да саналы тәрбие алып, ел дамуына үлес қосатын үлкен тұлға болып шықсын демекпін», — деді қала басшысы.
Содан кейін, батагөй қария Жолдасбек Тұрманбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Артынша балабақшаның лентасы салтанатты түрде қиылып, қала әкімі «Нұр Аяла» балабақшасының меңгерушісіне символдық кілтті табыс етті. Салтанатты түрде ашылған балабақшаны аралаған қонақтар жаңа нысанның келбеті мен сәулетіне таңдай қағысты.
Екі қабаттан тұратын су жаңа ғимарат 100 балаға шақталған. Заманауи үлгіде жабдықталған балабақшада баланың дамуына қажетті барлық мамандар мен жабдықтар бар. Балалар қауіпсіздігі үшін ішкі және сыртқы бейнекамералар орнатылған. Жоғары жылдамдықты интернетпен, акт залы және музыка кабинеттері де қарастырылған.
Қала күні қарсаңында тамаша тарту болды деген ата-аналар қаламыздың дамып, өркендей беруіне тілектестік білдірді. Балабақша бүлдіршіндермен қатар 16 адамды жұмыспен қамтып отырғанын да айта кетейік. Осы орайда бір күнде ашылған қос балабақша қала күніне арналған ерекше тарту болды десек те болады.