ҚАЛАНЫҢ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ МЕН ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУ ӘРКІМНІҢ МІНДЕТІ

Халықтың жайлы да қолайлы өмір сүруі, алаңсыз саялы бақта демалу үшін, қоғамдық орындардың тазалығы мен қауіпсіздігі үшін Түркістан облысында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Солардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, басқа да жұртшылықтың қыдырыстап, демалатын орындарын жақсарту бойынша да жоспарлы және қажеттігіне қарай атқарылып жатқан істер аз емес.
Арыс қаласында өткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында Теміржолшылар паркіне ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияның мақсаты – табиғатты қорғау және қалалық аумақтарды таза ұстау болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін көптеген ұйымдар мен компаниялар бірлесіп, өз үлестерін қосты.
Бүгінде Теміржолшылар паркінің жарықшамдарына толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жарықтандыру жүйесі қайта жаңартылды. Бұл жұмысты «Khazakh Real Stroy» ЖШС компаниясы атқарып, заманауи технологияларды пайдалана отырып, жарықшамдарды қайта жандандырды. Осы жаңартулардан кейін парк түнгі уақытта да жарық әрі қауіпсіз болды.
Айта кетейік, паркте демалыс аумақтары кеңейтіліп, жаңа отырғызылатын орындықтар, балалар ойын алаңдары және қаладағы тұңғыш скэйт парк алаңы іске қосылған. Бұл өзгерістер паркке келушілерге жанға жайлы демалыс аумағын қамтамасыз етті. Арыс қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін парк енді табиғатпен сырласуға, спортпен шұғылдануға және балаларымен бірге ойын ойнауға арналған сүйікті орынға айналды.
Арыс қаласының әкімдігі мен «Khazakh Real Stroy» ЖШС-іне алғыс білдіре отырып, тұрғындар осы абаттандыру жұмыстарын жоғары бағалап, паркті күтіп ұстауға өз үлестерін қосуға шақыралы. Қаланың жасыл аймақтары мен таза ауасын сақтап қалу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Теміржолшылар паркінің қайта жандандырылуы Арыс қаласының келбетін жақсартып, тұрғындар үшін шынайы демалыс аймағына айналды.
Арыс қаласының тұрғындары мен қонақтарына қолайлы және қауіпсіз демалыс ортасын қамтамасыз ету мақсатында, соңғы жылдары қала саябақтары мен аллеяларында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жауапты мердігер мекеме тарапынан демалыс аумақтарын күнделікті күтіп-ұстау, түнгі жарықтандыру және автоматты суару жүйелерін енгізу сияқты шараларды тұрақты түрде жүзеге асыруда.
Өкінішке қарай, бұзақылардың әрекеттері бұл жұмыстардың нәтижелерін еш етуде. Орындықтардың, жарық лампаларының және автоматты суғару жүйелерінің бүлінуі жиі кездесетін жағдайға айналды. Бұл жағдайлар қала инфрақұрылымына ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың демалыс сапасына да кері әсер етеді.
Осы мәселелерді шешу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында, «Khazakh Real Stroy» мекемесі саябақтар мен аллеяларға бейнебақылау камераларын орнату туралы шешім қабылдады. Бұл шара бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және демалыс орындарын күтіп ұстауға бағытталған. Бүгінде қашықтан басқарылатын, 360 градусқа бұрылатын, дыбыс жаза алатын заманауи бақылау камералары «Теміржолшылар» саябағы мен «Қасірет» мемориалы аумағына орнатылды. Алдағы онкүндікте тағы басқа саябақтарға орнату жоспарлануда.
Бейнебақылау камералары бұзақылық әрекеттерді азайтуға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін арттырады.
Құрметті қала тұрғындары! Қоғамдық тәртіпті сақтау және қаланың инфрақұрылымын қорғау – барлық азаматтардың ортақ міндеті. Сондықтан, барша тұрғындарды саябақтар мен аллеяларды күтіп ұстауға, бұзақылыққа жол бермеуге шақырамыз.
Тәртіп пен жауапкершілік – біздің қаламыздың дамуы мен гүлденуінің кепілі екенін ұмытпайық!