ТАЗАЛЫҚ ҮШІН МАРАПАТТАЛЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҮЙІНЕ ГАЗ КЕЛДІ

0
67

Арыс қаласының тұрғындары үшін биылғы Қала күні мерекесі ерекше мағыналы болды. Тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, бұл процеске әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.
«Біз қаламызды көркейту үшін осындай шараларды жыл сайын өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғындардың өз үйлеріне, аулаларына, көшелеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, тазалық пен тәртіпті сақтауға ынталандырады. Бүгінгі марапатталушылар біздің қаланың бетке ұстарлары, олардың үлгісі басқа тұрғындарға да әсер етеді деп сенемін», – деді қала әкімі.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын, көшесін тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырған азаматтардың тазалыққа жанашырлығы – көпке үлгі екендігі сөзсіз. «Үлгілі үй» байқауы жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарланған.
Жыл сайын Арыс халқы Қала күні мен Теміржолшылар күні мерекелерін салтанатпен атап өтеді. Биыл Арыстың қала статусын алғанына 68 жыл және еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 120 жыл толып отыр.
Мерейлі мереке қарсаңында Арыс қаласындағы ақжолтай жаңалықтар тиегі ағытылды. Қала орталығындағы көшелер көгілдір отынға — табиғи газға қосылды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және зиялық қауым өкілдері шаһар орталығында тұратын, алғашқылардың бірі болып газға қосылған М.Жұмабаев көшесінің тұрғындары Орынбетовтер әулетін арнайы құттықтап барды. Әкім бұл қадамның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.
«Мінеки, бүгін арыстықтар үшін көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ беріліп отыр. Арысты толық газға қосу мәселесі менің назарымнан тыс қалған емес. Қала әкімі ретінде осы бастаманы қысқа мерзімде орындауға күш салып, компаниялармен келіссөз жүргізіп, сол межеге жетіп отырмыз. Жобаны жүзеге асыруда өте күрделі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаламызға газ еніп тұр. Енді тұрғындар бірлесіп әрекет етсек, әр үйге кезең-кезеңімен газ кіргізілетін болады» — деді қала әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда ел аузында «екінші Арыс» аталып кеткен қала орталығының бір бөлігі газға қосылуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Төле би көшесінен бастап, Ақынбеков көшесіне дейін; З.Тойбекова көшесінен бастап Т.Тәжібаев көшесіне дейінгі аумақтағы үйлер газға қосыла алады.
Келесі кезекте орталықтағы басқа да көшелер мен мекемелерді газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізіле береді. Сондықтан, барша тұрғындарды осы бастан тиісті мекемемен келісімшарт түзіп, монтаждау жұмыстарын жүргізіп, газға қосылуға дайын отырулары қажет.