“1310” БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ 15400-ДЕН АСА ҚОҢЫРАУ ҚАБЫЛДАҒАН

Мемлекет тарапынан халықтың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасалынуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасы арқылы билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынас жақсарып, түсінісу пайда болса,әкімдердің азаматтарды жеке қабылдауы мен тұрғындармен кездесуі жұртшылықтың жергілікті билікке айтар талап-тілегі, ұсыныс-пікірлері арқылы көптеген еленбей қалған, әйтпесе азаматардың мұқтаж мәселелерін әкімдер біле алатын болды. Сол сияқты тұрғындардың әлеуметтік, коммуналдық сияқты мәселелері бойынша өтініштерін тәулік бойы телефон арқылы қабылдау қызметі де халықтың қолайлы тұрмыстық жағдайы үшін жұмыс жасайды.
Түркістанда тәулік бойы «1310» Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Байланыс орталығы тұрғындардың өтінішін қабылдап, коммуналдық, әлеуметтік және туристік бағыттарды қамти отырып, қаладағы 6 сектордың жұмыс сапасын қадағалауды қамтамасыз етеді.
Орталыққа келіп түскен барлық өтініштер өңделіп, мәселені шешу үшін жауапты мекемелерге жолданады. Мамандар қоңырау қабылдау барысында өтініш берушіге қатысты барлық ақпараттарды арнайы жүйеге енгізеді.
Қазіргі таңда орталықта 10 оператор, 7 инспектор жұмыс істейді. Байланыс операторлары күндізгі және түнгі ауысыммен қоңырауларды қабылдайды. Сондақ-ақ, мамандар арнайы курстардан өтеді.
Облыс орталығындағы 6 сектор бойынша өтініш-шағымдарды мамандар «1310» қысқа байланыс нөмірі немесе әлеуметтік желідегі Instagram (@turkistan1310), WhatsApp (87073331310), Facebook (Turkistan Bailanys Ortalygy) парақшалары арқылы қабылдайды. Сондай-ақ, қаланың дамуы мен көркеюіне қатысты креативті ұсыныстарыңыз болса, аталған орталыққа жолдасаңыздар болады.
Бір жылда байланыс орталығы 15404 қоңырауды қабылдаған. Оның ішінде 15370 өтінім мерзімінде орындалып, қалған өтінімдер жұмыс барысында тұр.