ДӘРІЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН ЖОҒАРЫЛАТУ ЖОСПАРДА БАР

Президент биылғы Жолдауында «Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек.
Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе.
Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет» деп бұл салаға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына барынша көңіл бөлініп келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, медициналық озық технологиялар мен жетілдірілген құрал-жабдықтарды әкеліп, қолданысқа енгізуге, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын көтеруге мән беріліп отыр. Сондықтан да облыс десаулық сақтау саласында атап өтерлік табыстар да бар.
Түркістан облысында 2023 жылы 14 889 ота жасалды. Оның ішінде, өткен жылы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 8 туыстық бүйрек трансплантациясы сәтті өтті. Биыл облыстың білікті дәрігерлері 7 туыстық бүйрек трансплантациясы және 1 мәйіттік бүйрек трансплантациясын жасады.
Өңірдегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру және тәжірибие алмасу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен жылы хирургиялық бейін бойынша 52 дәрігер өз біліктілігін арттырып, тәжірибие жинады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Осы жылдың соңына дейін облыстағы дәрігерлердің біліктілік көрсеткіштерін республикалық ғылыми орталықтарда және алыс-жақын шет елдерде жоғарылату жоспарланып отыр.
Түркістан облысында тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары басталды. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9%-на екпе егу жоспарланған. Бұл туралы брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.
«Түркістан облысы бойынша 2024 жылдың 8 айында жіті респираторлық вирустық инфекциясы бойынша (ЖРВИ)150 227 жағдай тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ ауруын жұқтырған азаматтар саны 43,6% өскен. Сондықтан да ЖРВИ-ға қарсы иммундау науқаны биыл 1 қыркүйектен басталса, ал тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталды. Қазіргі уақытта облыстық қоймаға 50 000 дана екпе жеткізілген. ЖРВИ және COVID-19 инфекцияларының асқынуларына жол бермеу мақсатында өңір бойынша 1 қазанға дейін екпе жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр» — деп баяндады спикер.
Сондай-ақ брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қазіргі таңда аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
«Қазіргі таңда облыс бойынша 686 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде ересектерге арналған — 241, балаларға арналған — 445, реанимациялық төсек-орын саны – 287. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 212, оның ішінде ЖРВИ саны – 203, пневмония – 9» — деді сала басшысы.