ТҰРҒЫНДАРҒА МЕМЛЕКЕТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

0
54

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев мемлекетті басқаруға кіріскелі халық пен билік арасында дұрыс қарым-қатынас пен түсінікті диалог қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарын айтып, мемлекеттік қызметшілерден азаматтарға сапалы да адал әрі әділ мемлекеттік қызмет ұсыну қажеттігін айтып келеді.

Ол биылғы Жолдауында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деп мемлекеттік қызмет көрсету сапсын жақсарта түсуді тапсырды.

Халық пен атқарушы органдар өкілдері арасында қарым қатынас бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдер тұрғындармен кезедсулер өткізіп, жеке қабылдаулар жасап олардың өтініш-талаптарын тыңдап, мүмкіндігінше орындап келеді. Сол сияқты әкімдіктер мен басқа да атқарушы мемлекеттік мекемелерде азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет ұсыну да облыс әкімдігінің, жергілікті әкімдіктердің тұрақты қадағалауында.

Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімділігін қадағалау мақсатында кезекті қоғамдық бақылау жұмыстары Кентау қалалық экономика және қаржы бөліміне жүргізілді. Аталған іс-шараға Кентау қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің мамандары қатысты.

Қоғамдық бақылау барысында, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайы, қызмет алушыларға арналған қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының болуы бақыланды.

Сонымен қатар, қызмет алушылардың сұраныстарына назар аудара отырып, өтініштерді қарау кезінде әуре-сарсаңды болдырмай, мемлекеттік қызмет көрсету барысында тиісті жағдай жасау, сондай-ақ, клиентке бағдарлану қағидасымен жұмыс жасау керектігі түсіндірілді.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерге тұрақты түрде қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізілетін болады.

Халықпен тығыз байланыс орнату, жекелеген азаматтардың өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қазығұрт ауыл округінің бірнеше тұрғынымен жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім-мекеме басшылары мен мамандары, ауыл округі әкімі қатысты.

Аудан әкімінің қабылдауына келген тұрғындар мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттар мерекесіне қолдау білдіру, электр бағаналарын орнату, мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы барша сұрақтар мен өтініштерді тыңдап, нақты дәлелдермен жауап қатып, тиісті бөлім басшыларына заң аясында өтініштердің шешімін табуды тапсырды.