ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Мемлекет пен азаматтардың арасын жалғаушы жергілікті атқару органдарының өкілдері жыл бойын арнаулы кестеге сай өз аумақтарында тұратын тұрғындармен кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізіп тұруға міндетті. Себебі, билік пен халықтың қарым-қатынасын сол жиналыстар мен жеке қабылдаулар реттеп, халықтың үнін билікке естіртеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жергілікті әкімдер тұрғындардың қтініш-шағымдарын, ұсыныс-тілектерін, басқа да көтерген мәселелерін тең естіп қана қоймай заңдылық аясында белгілі мерзім ішінде шешуге де міндеттелген. Түркістан облысының әкімінен бастап, барлық деңгейдегі әкімдер кестеге сай тұрғындармен кездесіп есеп беріп, жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың мәселелерін шешумен шұғылданады. Осы аптада да бірнеше қала, ауданның әкімдері бекітілген кестеге сай тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады
Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, кәріз жүйесінің құрылысы жөнінде мәселелер көтеріліп, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Отырар мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің айналасын көгалдандыру жайын қозғаған тұрғынға күзгі ағаш егу науқаны қазан айында басталатыны, сол кезде тұрғындардың өтініші міндетті түрде ескерілетіні айтылды.
Жұмыс берушінің әрекетіне шағымданған азаматшаға еңбек қатынасы заңмен реттелетіні, келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда сотқа жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Қала әкімі кәріз жүйесінің құрылысы салдарынан жолдың сапасы нашарлап, қолайсыздық туғызды, деген арыз бойынша жауапты бөлімге жолды қалпына келтіруге мерзім белгіледі.
Тұрғын үй кезегіне қатысты туындаған сұрақтарға жауап берген шаһар басшысы қолданыстағы заң талаптарына тоқталды. Сонымен қатар, кезексіз үй алып беремін деген алаяқтарға алданбауға шақырды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жауапты бөлім басшыларына қабылдау барысында берілген тапсырмалардың жеке бақылауында болатынын ескертіп, мерзімінде мәлімет ұсынуды жүктеді.
Сол сияқты, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов те тұрғындармен жеке мәселелері бойынша кездесу өткізді. Қабылдауға келгендердің басым көпшілігі коммуналдық мәселелерді алға тартты.
Сондай-ақ, газ мәселесі, қоқыс, балалар алаңын салу және кәсіпкерлікке байланысты ұсыныс-өтініштерін айтты.
Қабылдау барысында қала әкімі тұрғындардың мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, кейбір азаматтардың мәселесін шешу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Сарыағаш ауданында да аудан әкімі Арман Абдуллаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан әкімінің жеке қабылдауына алдын ала жазылған 12 тұрғынның өтініштері қаралды. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік көмек беру, тұрғын үй кезегі, жол, жер және мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
— Сіздердің сауалдарыңызды тиісті қала, ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тапсырдым. Бұл мәселелердің заң аясында оң шешілуін жеке өзім қадағалауға алатын боламын, — деді аудан басшысы.
Аудан басшысы әр тұрғынның сауалдарына заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ аудан басшысы қабылдауда әрбір тұрғынның өтініші аяқсыз қалмай, жіті бақылауда болатынын айтты.
Түлкібаста да аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан тұрғындарына кезекті жеке қабылдауын өткізді.
Бұл жолы жеке өтініштерімен жүгінген тұрғындардың дені жер қатынастары мәселесі яғни, жер құжаттарын заңдастыру, ауызсу сапасын жақсарту, тұрғын үй, инватакси, әлеуметтік сала және полиция қызметіне қатысты мәселесімен жүгініп, аудан әкімі және жауапты мекеме басшылығы тарапынан нақты жауаптарын алды.
Нұржан Жақсылықұлы Шақпақ ауылдық округіне қарасты 44 түтіні бар РЗД-144 елді мекенінің тұрғындарының өтінішіне сәйкес ауызсу сапасын жақсарту мақсатында жауапты «Тұраркент-су» мекемесінің басшысына тиісті жұмыстар атқару керектігін ескертіп, ауылдың ауызсу мәселесін түбегейлі шешу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында аталған ауылдан қазылған ұнғыма арқылы ауылға құбыр тарту мәселесі келесі жылдың есебінен жоспарланатындығын жеткізді.