СЕМИНАР ЖҮЗІМ ӨСІРУДІ ЗАМАНАУИ ӘДІСПЕН ЖАҢҒЫРТУҒА АРНАЛДЫ

0
53

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының сан түрлі салалары дамытылып отыр. Өйткені жерінің құнары мен ауа райының жағдайына байланысты және дәстүрлі өнімдерді мол өндіру қалыптасқандықтан, сол өңірлерде аталған өнімдер негізгі ауыл шаруашылық өнімі ретінде өсіріледі. Облыс әкімдігі әр ауданның ерекшелігін ескере отырып соған ыңғайлы дақылдарды немесе түкіл түрлерін өсіруді реттеуде.

Мемлекет басшысы да өзінің биылғы жолдауында «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деп ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруге мән беруді тапсырды.

Облыстағы Сарыағаш ауданы кеңес кезінен өзінің жүзңмң мен жүзімнен жасалған шараптарымен даңқы шыққан өңір. Аудан басшылығы өңірдің сол даңқын қайта жаңғырту мақсатында жұмыс жасауда.

Сарыағаш ауданында жүзім шаруашылығын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, шаруалармен пікір алмасты. Семинар барысында аудан әкімі жүзім шаруашылығының маңыздылығына тоқталып өтті.

-Кеңес дәуірінде ауданымызда жүзім шаруашылығы қарқынды дамып, шарап зауыттарының жұмысының нәтижесінде экономикаға айтарлық серпін беріліп келген. Бүгінгі таңда ауданда 627,9 га жерде жүзім өсірілуде. Оның 379,0 га «Silk Alley» Винный завод» ЖШС қарасты шарап зауытына, ал 248,9 га ауданымыздағы ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Шикізаттың болмауына байланысты Жібек жолы ауылында орналасқан «Жетісу» ЖШС қарасты ірі шарап зауыты бүгінгі таңда жұмысын тоқтатып өз кезегінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Ауданымыздың топырағы мен ауа-райы жеміс-жидек пен жүзімнен мол өнім алуға қолайлы. Жоғары агротехникалық шараларды қолдану нәтижесінде сапасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін өнім өндіруге болады. Қазіргі уақытта, ауданымызда ағын су жетіспеуіне байланысты игерілмей жатқан жерлерде тамшылатып суғару әдісін пайдалана отырып жүзім шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік мол,- деді Арман Абдуллаев.

Сонымен қатар аудан басшысы дала семинары барысында қатысушылармен облыс әкімінің бастамасымен облыс аумағында жүзім шаруашылығын дамыту бағытында ағымдағы жылдың 7-8 қыркүйек күндері облыс делегациясының Өзбекстан Республикасы, Фергана облысына арнайы барып, жүзім шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары бойынша тәжірибе алмасқанын жеткізді. Арман Абдуллаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы Дербісек, Қабланбек, Тегісшіл ауылдық округтерінде жүзім шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарды 2,5 % несиемен қамтуға болатындығын атап өтті.

Аталған кеңес отырысына бірқатар шаруалар мен кәсіпкерлер қатысты. Семинар барысында әр шаруа өз тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Бүгінде «Сұңқар» ЖШС-не қарасты шарап зауыты, ауданда жүзімнің болмауына байланысты толық қуаттылығын пайдалана алмай отыр. Осыған байланысты Отырар, Түлкібас, Төлеби, Жетісай аудандарынан жүзім тасымалдануда. «Сұңқар»ЖШС шарап зауытының құрылтайшысы Д.Исабаев «Сұңқар»ЖШС шарап зауытының басшысы Н. Әліқұл шаруалардың өнімін алуға дайын екенін жеткізді.

Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияны көптеп енгізу, суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру және егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту жөнінде міндеттерді жүктеп отыр.

Бұл бағытта Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылына қарасты «Иіржар Агро» ЖШС Түркияның технологиясымен және су үнемдеу әдісін пайдалана отырып, 525 гектарға күнбағыс (пісте) дақылын егіп, бүгінгі таңға 370 гектарында жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Күнбағыс дақылының әр гектарынан орташа түсімділік 20 — 21 центнерді құрайды.

Қазіргі таңда серіктестік 11 адамды тұрақты, 25 адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етуде. «Иіржар Агро» ЖШС күнбағыс өнімін ҚХР, Түркия, Әзербайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында өсімдік майын өндіру зауытын ашуға ниетті.