ЖАҢА ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТАҒЫ ТОҒЫЗ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

0
49

Қазақстан Республикасында білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, қазіргі заманда «Білекті бірді – білімді мыңды жығады» деген мәтелдің нағыз актуалды болған кезеңі туды. Азаматтары білімді елдерде әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқыны жоғары болады. Олар ғылым мен техника жетістіктеріне бірінші ие болып, озық технологиялар мен инновациялық жобаларды өздерінде бірінші болып енгізеді. Сондықтан да мықты да дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін жас ұрпақты білімді де тәрбиелі етіп дайындау қажет.

Осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген реформалық шаралар, білім саласын жетілдіруге арналған бағдарламалар мен жобалар қабылданып, оларды жүзеге асыру қолға алынуда. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің де біліктілігін арттыру, білім берудегі озық тәжірибелерді игеру бағытында да жұмыстар жасалынып, түркістандық педагогтер шетелдерден озық тәжірибелер үйреніп келуде. Дегенмен, білім беру саласындағы тағы бір маңызды нәрсе оқушылардың жайлы да қолайлы жағдайда білім алуы үшін заманауи білім нысандарының болуы мен олардың ең жаңа да жетілдірілген құрал-жабдықтармен, лабораториялармен, арнайы пәндік сыныптармен қамтамасыз етулі болып табылады.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын.

Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек.

Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек» деп үш ауысымды, тозған мектеп ғимараттарынан тезірек құтылып, жаңа да жайлы меткеп ғимараттарымен еліміздің оқушыларын толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл өңірде 20 мектептің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 14,7 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, 15 мектептің құрылысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болса, қалған 5 мектептің құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін 13 білім ұясының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр. Облыс әкімі жағадан салынып жатқан мектептердің құрылыстарының сапалы болуын, мерзімінде пайдалануға берілуін ғана емес, ол мектептерге сапалы педагогтерді де уақтылы дайындап, мұғалімдердің білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерді меңгеруін де бақылауында ұстап отыр.

Биыл жаңа оқу жылында 700 орындық 4 білім ұясының ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауыл округі, Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебі мен С.Рахымов ауыл округі, Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық білім ұясы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округі, Ақкөл елді мекенінде 100 орындық оқу ордасы, Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға тапсырылды.

Бұдан бөлек, қараша-желтоқсан айларында тағы 3100 орындық 9 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделуде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде, 60 мыңдай оқушы заманауи білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алады.