«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

0
83

Түркістан облысында тұрғындардың қаржылық, несиелік және цифрлық технолоия бойынша сауаттылығын арттыру бағытындағы «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өйткені, бұл жобаның азаматтардың нарықтық қатынастағы қаржылық сауаттылығын ашып, алаяқтарға алданбауына, өзінің қаржыға қатысты мәселелерін сауаттылықпен дұрыс шешуіне тигізер пайдасы көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің биылғы қазақстандықтарға Жолдауында «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» деп жобаның маңыздылығын атап айтқан еді.
Түркістан облысының қала, аудандарында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқыту-семинарлары жаппай өткізілуде. Таяуда ғана Сайрам ауданы, Қарабұлақ, Арыс ауылдық округтерінде 2024 жылдың 02-20 қыркүйек күндері аралығында басталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы жұмыстар өз мәресіне жетті. Аудан аумағындағы ауылдық округ тұрғындарына арналған оқу семинарына денсаулық сақтау, білім, өкіметтік емес ұйымдар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар және ауыл тұрғындары, жалпы Қарабұлақ, Арыс ауылдық округтерінде 403 азамат қатысты.
Аталған жоба аясында «Ұлы дала» ассоциациясы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы, кәсіпкер Амиралиева Айгерім Алиқызы тұрғындарға арналған оқу семинарын өткізді. Өз кезегінде, «АМАNАТ» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қаржылық сауаттылықтарын арттырған 378 азаматқа біліктіліктері бойынша арнайы сертификаттар табыстады.
Бұдан бөлек, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары мен Арыс ауылдық округінің әкімі, «АМАNАТ» партиясы Сайрам аудандық филиалының кеңесшісі Гуломжон Ирискельдиев, Сайрам ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсара Ташимова, Қарабұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының кәсіпкерлік саласы бойынша бас-маманы Бахрамжон Имамов жобаны жүзеге асыру аясында семинарға белсене атсалысты.
Оқыту-семинары соңында Айгерім Алиқызы тұрғындардың ұсыныстары және сұрақтары бойынша жеке қабылдау өткізді. Оларға заң аясында ақыл-кеңестер айтып, пайдалы мағлұматтармен бөлісті.