КОМИССИЯ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Қазақстан Республикасында әділетті қоғам құру мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып саналады. Ол туралы биылғы жолдауында Президент Қ.К. Тоқаев «Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді» деді. Осы жолдаудағы «заң мен тәртіп» деген атаудың өзі елімізде біртіндеп барлық мәселеде заңдылық пен тәртіптің үстемдігіне қол жеткізілуі үшін тұрақты жұмыс жасау қажеттігін көрсетеді.
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған құқық қорғау органдары мен облыстық басқарма басшылары қатысты. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Маңызды жиынның күн тәртібінде үш мәселе талқыланды.
Алдымен «Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету» мәселесі бойынша Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы мен Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамалары тыңдалды. Комиссия мүшелері тарапынан осы бағыттағы жұмысты жандандыру, есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту жөнінде тиісті ұсыныс берілді.
Күн тәртібінде жол-көлік оқиғаларының профилакткасы және алдын алу шаралары да сарапталды. Бұл мәселе жөнінде Түркістан облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев пен Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады. Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардың сапасын жақсарту, көлік жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны 19,2 пайызға төмендеген. Дегенмен, жол апаты деректері жиі тіркелуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Мәжілісте «Кәмелет жасына толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың профилактикасы» тақырыбында да баяндамалар жасалып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді. Түркістан облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев пен Түркістан облыстық білім басқармасы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ой қозғады.
Бүгінде облыстағы білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 83 іс-шара бекітіліп, жүзеге асырылуда. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын дамытуға бағытталған отбасы, мектеп және қоғам деңгейінде отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс жүруде. Проблемалық мінез-құлқы бар кәмелетке толмағандар мен олардың отбасылары үшін әлеуметтік-психологиялық көмек орталықтарын құру қолға алынған. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында барлық аудан, қала әкімдіктерінде 15 260 ата-анамен кездесу өткізілген.
Жиын қорытындысымен комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен ескертпелері хаттамаға енгізілді. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.