МАҚТААРАЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

0
40

Қазақстан Республикасының Жастар саясаты жас ұрпақтың қазіргі зымыран заманның ағынына ілесе алатын, білімі мен біліктілігі арқылы халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын, адамдармен сөйлесіп, пікірлескенде ойын анық жеткізе алатын, топ адамның алдында сөйлегенде сөзін шашыратып алмай шебек де түсінікті сөйлей білетін азамат болып өсуін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Өйткені, ондай жан-жақты білімді де білікті жас азамат мемлекеттің болашағын жасаушы тұлғаға айналады. Сондықтан да, Түркістан облысында жастардың білімі мен тәрбиесіне, белсенділігі мен біліктілігіне, жан-жақты болып жетілуіне мүмкіндік ашатын іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отырады.
Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты Қ.Қайсенов атындағы №51 жалпы білім беретін мектебінің «Парасат» дебат клубының оқушылары ағымдағы жылдың 12-13 қыркүйек күндері Түркістан қаласында оқушылар арасында өткен республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңіне қатысты. Турнир бүкіләлемдік мектеп форматында өтті.
Оқушылардың ой ұшқырлығы мен интеллекті, білімі мен біліктілігі, алғырлығы сынға түскен бұл турнирде қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан мектеп пікірсайысшылары облыс чемпионы атанды. Енді оқушылар қазан айында Астана қаласында өтетін аталған турнирдің республикалық кезеңіне қатысатын болады. Чемпион атанған оқушылар:
1. Анарбай Альбина 11-сынып;
2. Қалдар Альбина 10-сынып;
3. Жексенбай Арайлым 10-сынып;
4. Мұхтархан Нұрғиса 11-сынып;
5. Ерхан Шұғыла 9-сынып.
Жеңімпаз оқушыларды білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Арап арнайы құттықтап, алдағы жарыс додасында сәттілік тіледі.