БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХІХ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

0
50

Қазақстан Республикасы кеңестік кезеңде де спорттың бокс түрінен әлемге танымал Әбсалан Нұрмағанбетов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов, ал егемендік алғаннан соң қазақ боксшылары әлемдегі бокс мемлекеті саналатын кубалық боксшыларды да талай жарыстарда жер қаптырып әлемдегі боксы дамыған ең мықты үш мемлекеттің біріне айналды. Оған ел егемендік алғаннан соң әлемдік деңгейде чемпиондар болған боксшыларымыз үлкен үлес қосты. Солардың бірі жиырма жасына толар-толмаста Олимпиада чемпионы атанған, бірақ өмірден ерте өтіп кеткен жерлесіміз Бекзат Саттарханов еді.
Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХІХ халықаралық турнирі басталды. Бокстан өтіп жатқан турнир 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды.
Жарысқа Өзбекстан мен Қырғызстан республикасынан, Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған қалалары және Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облысы және Түркістаннан жалпы 300-ге жуық жас спортшы қатысуда. Бұл дода 15 салмақ дәрежесі бойынша мықтыларды анықтайды.
Спорттық шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жиында сөз алған Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова қатысушыларға деген жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, бокстан ұйымдастырылған турнир 1-қазанға дейін жалғасып, сайыс қорытындысымен жеңімпаздар анықталады.