БІЛІМ САПАСЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасында Білім беру саласын жетілдіру басты бағыттардың бірі болып табылады. Өйткені, қазіргі зымыран заманда ең озық технологиялар мен робототехника, айти жүйесі, цифрландыру мен инновациялық жетістіктерге жету үшін ғылым мен білімнің ең озық әдістерін пайдалана отырып оқушыларды жан-жақты білікті де тәрбиелі етіп өсіру басты мінде болып табылады. Азаматтары білікті де белсенді елде экономикалық, саяси қоғамдық және рухани даму да жоғары болып, ол ел бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы мемлекеттер сапынан орын алады.
Мемлекеттің ең басты тірегі ол білімді ұрпақ. Қай мемлекетті алып қарасақ та ел дамуындағы басты назарды білім беру бағытына қаратады. Бүгінгі таңда білім саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мақсатында ғылым мен білімге, тәрбиеге үлкен мән берілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім сапасы мен мазмұны бойынша Қазығұрт ауданында нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Бұл өз кезегінде ауданның білім сапасының едәуір жоғарылауына оң ықпал етеді, деп күтілуде.
Соның нәтижесі ретінде ауданда білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Мәселен, ауданда биылғы жылы 4 мектептің құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңға оның 3-еуі пайдалануға берілді. 24 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен пайдалануға берілді. 2025 жылы Қазығұрт елді мекенінен 600 орындық жайлы мектеп салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау, білім мен ғылымды дамытуға арналған бағыттарын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы Қазығұрт ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет сарайында Қазығұрт, Төлеби аудандарының білім саласындағы ардагерлері мен ұстаздарының қатысуымен арнайы кездесу өткізді. Атаулы кездесуге, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Қойлыбаев Әзімхан Серікұлы, Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан Азимханұлы қатысты.
Жиын барысында білім саласында жүргізіліп жатқан саясат, ұрпақ тәрбиесі, ғылым мен білімді дамытуға бағытталған жобалар және тағы басқа мәселелер төңірегінде мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазығұрт ауданының білім саласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Құрбанов Жүсіпбек, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” Калышева Алтыншаш арнайы баяндамалар жасап, көпшілікке өз ойларын жеткізді.
Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Азизхан Исмаилов «Әділетті Қазақстанды» құруда, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда мұғалімдердің рөлі айрықша екенін, білімнің зор рөліне тоқтала отырып, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа және басқа да қонақтарға қазығұрттықтар атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының маңызды бастамаларын толық қолдай отырып, ортақ күш-жігерімізбен елімізді бұдан да қуатты елге айналдыру жолында бірге қызмет етуге шақырды.
Жақында ғана ел Президенті өзінің Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауында – өскелең ұрпақтың дені сау, білімді, тәрбиелі, патриот болып өсуі үшін есірткі саудасының алдын алу шараларын күшейту бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Қазығұрт ауданында құзырлы органдар, білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдар және бала өсіріп, тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана өз деңгейінде жұмыс жүргізіп келе жатқаны белгілі.
Ұлттық генетикамызды сақтап, текті ұлт болып қалуда – вандализмға, лудоманияға, есірткіге қарсы тұтас жұрт болып күресудің рөлі ерекше. Осы орайда, аудандық Мәдениет сарайында «Нашақорлыққа жол жоқ» атты форум өтті. Атаулы форумға аудан әкімі А.Исмаилов, Қазығұрт ауданының прокуроры Р.Абдраимов, аудандық Полиция бөлімінің басшысы А.Серікбаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Абдиев, ауданның бас дәрігері Б.Сланов, ауданның бас имамы Ә.Сертай және аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, прокуратура, полиция қызметкерлері, дәрігерлер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Қоғамдық маңызы бар бұл форумның басты мақсаты ғасыр дертіне айналған нашақорлық, лудомания, вандализм, буллинг сынды зиянды әдеттерге қарсы күресу, өскелең ұрпақтың санасында мұндай дертке қарсы иммунитет қалыптастыру болды.
Форум барысында аудан әкімі және әрбір мекеме басшылары жеке-жеке ойын айтып, жиынға қатысушыларды мұндай зиянды әдеттерге қарсы бірге күресуге шақырды. Ал, аудандық Мәдениет сарайының өнерпаздары өз кезегінде нашақорлық салдарынан қоғамда орын алып жатқан жайттардан сахналық көріністер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Форумға қатысқан жас буын өкілдері өздеріне үлкен ой түйіп, өнеге жинап қайтты.