ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАСАҒАН АДАЛ ЕҢБЕКТЕРІ БАҒАЛАНДЫ

Осыдан 34 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 1 қазан — «Халықаралық қарттар күні» деп жарияланған болатын. Алғашқы кезде аталған мерекені Еуропа елдері, кейіннен бүкіл әлем атап өтетін болды. Қазақ халқының үлкенді сыйлау, карияларға құрмет көрсету, ардагерлерін ардақтау сияқты ұлттық қасиеттерімен ұштасып жатқан бұл даталы күн бүгінде Қазақстанда да тұтақты аталып өтіп барлық өңірлерде қарттарға құрмет көрсетіледі.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат — аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады.
«Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай, «Millennium» дәмханасында қариялардың құрметіне арнайы дастархан жайылып, еліміздің өркендеуі жолында еселі еңбек еткен азаматтарға аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, «AMANAT» партиясының аудандық филиал атқарушы хатшысының «Алғыс хаттары», сыйлықтар табыс етілді.
Бүгінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп жүрген қариялар құрмет көрсеткендерге алғысын жеткізді.
— Мемлекетіміздің тарапынан да еліміздің гүлденуіне бар күш-қайратын, ақыл-парасатын жұмсап жүрген аға буын өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып, қолдау көрсетілуде. Сөзіміздің дәлелі, орталық саябақтан «Ардагерлер үйі» тұрғызылды. Құрылыс жұмыстарына аудан тумалары, кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Бүгінде, ардагерлер үйі ауданның қазыналы қарияларының басқосатын орнына айналды, деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев.
«Еліміздің болашағы үшін жасаған адал еңбектеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздер бүгінде ауданға, өздеріңіздің елдеріңізге сіңірген еңбектеріңіздің зейнетін көріп, ұл-қыздарыңыздың алдында бүгінде бақытты ғұмыр кешіп отырсыздар. Алланың берген жасын мазмұнды да мағыналы өткізе берулеріңізге тілектеспін. Жанұяларыңызға құт береке, дендеріңізге саулық, игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін», деген аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қарттарымызға құрмет көрсетті.
Сол сияқты Төлеби ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен жергілікті бюджет есебінен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау мақсатында іске қосылған «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінде қарттар күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев қатысып, қазыналы қарттарымызды мерекемен құттықтады.
-Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен, деді құттықтау сөзінде Бақберген Тәңірбергенұлы.
Мерекелік жиында орталыққа келушілерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Жарқын өмір және тең қоғам» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес берілуде. Массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған. Ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінген. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты –мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру. Орталықтың сыйымдылығы 50 адам.