«ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Мемлекеттің бастауы – отбасы. Сондықтан да әрбір отбасының жағдайы мемлекеттің назарында. Қазақстан Республикасында отбасы саясатында ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мен жаңғырту, насихаттау арқылы әрбір жанұяның шаңырағының шайқалмауын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Мемлекет басшысының жолдауларында да отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамыту мәселесі айтылып, атқарушы органдарға сол бағыттағы жұмыстарды сапалы жүргізу міндеттеліп келеді. «Отан – отбасынан басталады» дегендей әр отбасы мықты да бірлікшіл, ұйымшыл да тәрбиелі болса мемлекетімізге еш қауіп төнбейді, шарықтап дами беретін болады.
Түркістан қаласында «Отбасы – ұлттың тірегі» атты байқау өтті. Сайысқа 6 өнерлі отбасы қатысып, төрт кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Қатысушылар зияткерлік сұрақтарда тапқырлық танытып, командалық сайыста тартысты ойын көрсетті.
Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбиені жаңғырту. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін көрсете отырып, асыл мұрамыз болған салт-дәстүрлерімізді жаңғырту. Мемлекет құндылығы саналатын отбасыны сақтап қалуға үндеп, қоғамға үлгі болатын жанұяларды насихаттау.
Жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсенбаев, «Құрмет орденінің» иегері, қаланың Құрметті азаматы Баян Адырбекова, «Оқу ісінің үздігі» Зағира Мұстафаева, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы Саракүл Таңатарова қатысты.
Байқау қорытындысымен бас жүлдені Кәрібаевтар отбасы иеленіп, I орын Сұлтанбековтер отбасына бұйырды. II орынға Жұманов пен Жұмадуллаевтар отбасы, III орынға Әбенов пен Басықараевтар отбасы ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Сонымен қатар отбасылық құндылықтар сақталмаған жерде қоғамда тәртіп бұзушылық, түрлі қылмыстық әрекеттерге барушылар болатыны белгілі. Ал, тәрбиесінде шикілік бар жастар заңдылық пен тәртіпті сақтамай шалыс басып жатады. Оларды қоғамдағы жаңа да тәртіпті өмірге бейімдеу бағытында жұмыс жасалса, олар қоғамға үйренісіп, қайтадан қателікке ұрынбауы мүмкін. Сол үшін де оларды жаңа қоғамға бейімдеу бойынша шаралар облыста жиі қолға алынып тұрады.
Түркістан қаласында пробациялық бақылауға алынған азаматтар арасында «Жаңа өмір» атауымен спорттық сайыс өтті.
Қылмыстың алдын алып, құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған шара 30-дан аса азаматты қамтыды.
Спорттық жарыста «Түркістан», «Яссы», «Тұран», «Шауғар» командалары футбол, арқан тарту, гір тасын көтеруден сайысқа түсті.
Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова, Түркістан қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Серік Үсеев қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша футболдан бірінші орынды «Шауғар» командасы иеленсе, екінші орын «Тұран», үшінші орын «Түркістан» командаларына бұйырды.
Гір көтеруден бірінші орынға «Яссы» командасы, екінші орынға «Тұран», үшінші орынға «Түркістан» командасы ие болды.
Арқан тартыстан «Яссы» командасы алға шықса, «Түркістан» командасы екінші орыннан, «Шауғар» командасы үшінші орыннан көрінді.