ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасынан туындайтын міндеттердің ең бастысы – еліміздің барлық аймақтарының жан-жақты дамуына қол жеткізу болып табылады. Сол үшін де Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қалалар мен аудандардың басшыларынан өз өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді, белгіленген жылдық межелерді міндетті түрде орындауды талап етіп келеді.
Шалғай жатқан Созақ ауданында да әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоспарға сай жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде жылдық жоспарлардың орындалуы қаралды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бюджеттің игерілуі мен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков хабарлады.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бағдат Махашбаев сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмыс барысын баяндады.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталды. Жауаптыларға жұмыс барысында қажетті шараларды үйлестіріп, ширата түсу керектігін айтты. Сондай-ақ өздеріне жүктелген міндеттерге немқұрайлы қарамауды да қатаң ескертті.
Созақ ауданында инфрақұрылымдарды салу мен жүргізу жұмыстары да жүргізілуде. Елдімекендердің ішкі көшелерін асфальттау жұмысы да іске асырылуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Жеткіншек елді мекенінің ішкі көшелерін аралап, жаңадан төселіп жатқан жолдың сапасымен танысты. Қазіргі таңда онда 3,345 шақырымды құрайтын Ш. Айманов, Кенесары және Әл-Фараби көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, 5 шақырымды құрайтын атауы жоқ № 1-ші көшесі ағымдағы жөндеуден өтуде.
Аудан басшысы аралау барысында салаға жауапты мамандарға жасалып жатқан жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, бақылауда ұстауды ескертті.
Айта кетейік, биылғы жылы Жеткіншек елді мекенінен бөлек, аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағадарламасы аясында, 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджеттен жүзеге асырылған. Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек.
Сол сияқты аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентіне барып, кентте атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауына алды. Сапар барысында «Шолаққорған-су» МКК мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандығында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысын барып көрді. Аудан басшысы сала мамандарына жылуға қатысты жұмыстарды сапалы атқаруды ескертті.
Сонымен қатар, кент ішінде жаңадан асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді де аралады. Жолдың сапасымен танысты. Алдағы уақытта кент ішінде қосымша атқарылуы керек жұмыстарды да саралап, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Таукент кентінде жалпы ұзындығы 10 шақырымға жуық 8 көшеге асфальт жабындысы төселуде.