АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ЖОСПАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

0
59

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мемлекетіміздің барлық салалар бойынша жоспарлы түрде дамуының қарқынын арттырады. Барлық аймақтарда тек қана белгіленген жоспарлы орындау ғана емес, жаңа технологияларды енгізу, инновациялық шешімдер арқылы ғыдым мен білім жетістіктерін өндіріске, ауыл шаруашылығы салаларына енгізу арқылы үнемшілдікпен аз шығын жұмсай отырып, мол өнім алу жолдарын қарастыруды іске асыру жоспарланған. Ол үшін жергілікті әкімдер мен басқа да жауапты адамдар осы бағыттардағы жұмысты ұтымды ұйымдастырып, жергілікті ресурстарды тиімді пайдаланып, қала, аудандардың дамуының қарқынын арттыру, барлық мәселелерін назарда ұстап, оларды тиімді де нәтижелі шешу мәселелерін жүзеге асыруы қажет. Түркістан облысында жергілікті әкімдіктер өз өңірлерінің осы жылға белгіленген жоспарларының әр тоқсан сайын толық орындалып, жыл қортындысы бойынша жетістіктермен шығуын қамтамасыз ету жолында жұмыс жасауда.

Қазығұрт ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліс отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібінде аудан көлеміндегі кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, «Аманат» партиясының «Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының (Жол картасы)» орындалуы және өзге де өзекті мәселелер қаралып, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.

Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек пен аудандық экономика бөлімінің басшысы А.Көлбай баяндаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Әшір және аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаевтар хабарлама жасады.

Аудан әкімі аудандағы «Жайлы мектеп» пен көпқабатты тұрғын үйлердің және мектептерді жөндеу жұмыстарының құрылысын сапалы жүргізу, жылыту маусымына дайындық (көмір тасымалдау) жұмыстарын жеделдету, ауыл округтері бойынша тұрғын үйлердің газға қосылуын ұйымдастыру, жер қайтару жұмыстарын заң аясында жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру шарасының белсенділігін арттыру бойынша сенбілік жұмыстарын жандандырып, барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.

Мәжіліс соңында аудан басшысы баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді.