АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Мемлекетіміз демократиялық құндылықтарға біртіндеп көшіп келе жатқандығының бір белгісі мәслихаттар институты. Барлық аймақтарда халық дауыс беріп сайлаған жергілікті өкілетті органдар – мәлихаттар жұмыс жасайды. Мәслихат депутаттары ауданның дамуының барысын қадағалай отырып, өзекті мәселелерді шешуге, ауданның дамуын қамтамасыз етуге қажетті шешімдерді қабылдайды. Солардың орындалуын бақылайды.
Сарыағаш аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезекті XXII сессиясының отырысына аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысты. Кезекті сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппараты басшысы, дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияны аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқұлов ашып, регламентке сәйкес күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралды. Күн тәртібінде 25 мәселе қаралып, көтерілген мәселелер бойынша қала және ауылдық округі әкімдері, дербес бөлім және аппараттық құрылымдық бөлімше басшылары баяндама жасады.
Берілген есептер мен баяндамалар бойынша депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, әрбір мәселе қызу талқыланды. Сессия соңында күн тәртібіндегі талқыланған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тарапынан ұсыныстар назарға алынып, аудан басшысы өз бақылауында қарайтынын ескерте кетті. Сондай-ақ аудан әкімі жиын қорытындысында белсенді ат салысып, қолдау көрсеткен халық қалаулыларына алғыс білдірді.
Сол сияқты Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаевтың Жібек жолы ауылына арнайы бекіткен сауықтыру іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданда «Жас аспаздар сайысы» өтті.
Аудандық сайысқа түрлі этнос өкілдерінен 10 жас аспаз қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Тәжірибиелі мамандардан құралған әділ-қазылар алқасының шешіміне сәйкес, сайыс нәтижесінде бірінші орынды Султанханов Али, екінші орынды Дарханбеков Ерболат, ал үшінші орынды Уткиров Фурхат иеленді.
Сайыс жеңімпаздары мен қатысушыларды ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Хамзаева және Жібек жолы ауылдық округі әкімі А.Сейтжапбаров құттықтап, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Аталған сайыс жас аспаздардың өзара тәжірибе алмасуына, жастар арасында аспазшы мамандығына деген қызығушылықты арттыруға және этносаралық достық пен ынтымақтастықты нығайту барысында үлкен роль атқарады.