ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ БІРДЕ-БІР ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН

0
42

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, Түркістан облысында арнайы жасалынған кестеге сәйкес жұртшылық алдын ала хабарландырылып, белгіленген мерзім арасында тұрғындармен кездесу өткізіп тұрады. Ол кездесулерде тұрғындардың алдында аудан әкімі атқарған жұмыстары мен атқарылатын істері жайында баяндап, халықтың әралуан өтініш-тілектерін, арыз-шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдайды. Тыңдап қана қоймай заң аясында, өзінің құзыры жеткенше ол ардың тілектерін орындап, іске асыруға да міндетті.

Мемлекет басшысының жоғарыдағы Жарлығын орындау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың халықпен жүздесу жиындары басталды. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан басшы өңірде атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бүгінгі жай-күйіне талдау жасап, атқарылып жатқан іс-шаралар өз бақылауында екендігін жеткізді.

– Өздеріңізбен жыл басында кездесіп, мәселелермен танысқан болатынбыз. Бүгінде сол түйіткілдерді шешу бағытында арнайы ісшара жоспары әзірленіп, бақылауға қойылған. Елді мекен тұрғындарының мәдени қорын дамыту мақсатында ауылдық округі аумағынан Кітапхана салынып, пайдалануға берілді. Әкімдік ғимаратының шатыры ауыстырылып, елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ішкі жолдарға шағал төсеу жұмыстары да жоспарға енген. Елді мекендерді байланыстыратын жолдардың тозығы жетуіне байланысты қажетті құжаттамалары жасақталып, облыстық мекемелерге ұсынылды. Тұрғындардың әлеуетін арттыру бағытындағы шаралар жүзеге аса бермек, — деді аудан басшысы.

Кездесу барысында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуаллаев ауылдық округі аумағында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап, бүгінгі ахуалды атап өтті. Ауыл әкімінің баяндауынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алуға 5 отбасы өтінім білдіріп, толығымен жәрдем көрсетілген. Қоғамдық қылмыс пен тәртіп бойынша айтқан дерегінде өткен жылы 4 қылмыс тіркеліп, 1 қылмыс ашылған екен. Бүгінде тіркелген 3 қылмысты ашу бойынша шаралар атқарылуда. Ал биылғы жылдың басынан бері ауылдық округі аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмепті.

Аудан әкімімен кездескен жамбылдықтар ауылшаруашылығы, инфрақұрылым жүйелеріне қатысты сауалдарын жолдап, оларға тиісті жауаптары берілді. Кездесу соңы жеке мәселелерін арқалап келген тұрғындарды жеке қабылдаумен аяқталды.

Аудандағы елдімекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Келес ауданына қарасты Ақжол, Қауыншы, Оңтүстік және Майдабозай елді мекендерін ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев Жамбыл ауылдық округіне қарасты Майдабозай елді мекеніне табан тіреп, ондағы ауыз су жүйесімен қамту жұмыстарының барысымен танысты.

Майдабозай елді мекенін ауыз сумен қамту жұмыстарында 2023-2024 жылға өтпелі нысан болып, конкурс нәтижесінде «Стройкомплект КБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып анықталды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жалпы су құбырының ұзындығы 29,0 шақырым болады. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін, 41 үйде тұратын 409 тұрғын ауыз сумен қамтылатын болады. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 1-ші қарашасына дейін, деп белгіленіп отыр.

Айта кетейік, аудан бойынша жалпы 1 ауыл, 11 ауылдық окургтің құрамында 83 елді мекен бар. 83 елді мекеннің 59 елді мекені ауыз сумен қамтылған, 7 елді мекен экономикалық жағынан тиімсіз болып табылады. Сонымен қатар, Келес ауданы аумағындағы 10 елді мекенге жер асты суын барлау, қазу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ Ескіқорған, Жуантөбе, Кеңдала, Жаңадәуір, Көгерту, Ақжар, Қияжол, Құйған, Ақсу, Қосөткел елді мекендерінде барлау жұмыстары жүруде. Жобаға тапсырыс беруші Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы болып табылады. Яғни елдімекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында белгіленген жоспарлы жұмыстар жыл бойы жалғаса бермек.