ЖИЫРМА ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

0
49

Мемлекет еліміздің дамуында құрылыс саласының маңыздылығын ескеріп, бұл салаға ерекше көңіл бөлуде. Өйткені, «Жаңа Қазақстан» құру үшін барлық салаларда да жаңғыртулар мен заман талабына сай болатын ғимараттар мен өндірістік нысандар, ауыл шаруашылығы нысандары, тұрғындар үшін баспаналар, әлеуметтік нысандар салынуы керек. Республикадағы ең ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірдің бірі Түркістан облысы болғандықтан мұнда құрылыс саласына облыс әкімі үлкен маңыз беріп, үнемі бұл саланың жұмысының барысын қадағалап отырады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңірде құрылысы жүретін нысандардың сәулеттік жобалары талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев жүргізіп, жобаларды таныстырды. Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков облыс орталығында жүзеге асатын бастамалар туралы баяндады. Өңір басшысы мемлекеттен жерді алып, игермей отырған инвесторлар мен кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

– Жоспарға енгізіліп, жер берілген соң оны игеру керек. Жылдап созып жүруге болмайды. Өңірдегі жобалар уақтылы жүзеге асырылсын. Қадағалаңыздар. Түркістанда салынатын туристік нысандар келушілерге ыңғайлы әрі сапалы болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте «Жібек жолы» туристік орнын салу, Түркістанның Қызылорда облысынан кіреберіс жағын дамыту, тұрғын үйлер салу, облыс орталығының Бас жоспарын жетілдіру, Сарыағаштағы шекара маңын дамыту, Сауранның туристік әлеуетін көтеретін жоба және өзге де сәулеттік үлгілер талқыланды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыстың барлық өңірлерінде мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы, бюджеттік қаржылар арқылы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы және инвесторлық жобалар арқылы да инфрақұрылымдар дамытылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізілуде.

Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің саны артып келеді. Бүгінгі таңда Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 190 пәтерден тұратын 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Тұрғын үйге осы жылдың қазан айында Түркістан облысы аумағында тұратын, тұрғын үй кезегінде тұрған, «Отбасы банк» АҚ-ның салымшылары тарапынан конкурсқа өтінімдер қабылданады.

Тұрғын үйдің барлық пәтері – 2 бөлмелі, 65-80 шаршы метр. Мердігер мекеме – «Inter Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктесті.