ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗООТЕХНИК МАМАНДЫҒЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

0
48

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗООТЕХНИК МАМАНДЫҒЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Мемлекет басшысы өзінің жолдауларында еліміздің барлық салаларының дамуына қарқын қосып, заманауи жетістіктерді, озық технологияларды енізіп, нақты істе қолдану үшін әрбір салада өз ісінің мамандарын сапалы дайындап, кәсібі бойынша жұмыс жасауды қамтамасыз ету маңызды екенін айтып келеді. Өйткені, «тауық сойса да қасапшы сойсын» дегендей әр істі өзінің кәсіби маманы жүргізуі, орындауы ол істің сапаслы болбуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде халық шаруашылығына керек кейбір мамандықтар елеусіз қалып барады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында маңызы үлкен, төрт түлік мал өсіруде өзіндік орны бар зоотехник мамандығына сұраныс артуда.

Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қолдауымен алғаш рет зоотехник мамандығын жаңғырту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынды. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі 4 ауданға зоотехник мамандары бекітілген болатын. Алғаш рет қолға алынып отырған бұл іс сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта облыстың барлық аудан, қалалаларында ветеринария саласын зоотехник мамандарымен толықтыру жоспарланып отыр. Олар мал басының көбеюі мен өнімділігін қадағалайды.

«Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны Бәйдібек аудандық филиалының зоотехнигі Бақытжан Керімжанов аталған мамандықтың маңыздылығына тоқталып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

– Көптен бері біздің аңсап жүрген жұмыс қайта орнына келе бастады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен тұрғындардың барлығы бұл істің қолға алынғанына ризашылығын білдіріп жатыр. Оның бастамашысы болған облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға рахмет. Ақпан айында осы қызметке тағайындалдым. Осы міндетке кіріскен бойда аудан көлемінде 4 рет семинар өткіздім. Содан бері ауыл шаруаларымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Зоотехник – шаруалар ісін ілгерілетуге нағыз керек маман, – деді зоотехник.

Биыл Түркістан обысындағы 4 ауданда зоотехник мамандығы ашылды. Қазіргі уақытта мамандар Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам, Отырар аудандарында жұмыс істеп жатыр. Олар шаруа қожалықтарын аралап, семинарлар өткізу жұмыстарын қолға алды. Техник-ұрықтандырушылар мал өнімдерін өндіру технологиясын және жергілікті жердің табиғи-экономикалық жағдайын жетік меңгерген зоотехник мамандарының сүйемелдеуімен 3 айлық оқу курстарынан дәріс алып, мемлекеттік тіркеуден өтуде. Шаруалар малды асылдандырудың қыр-сырын үйреніп, мал басын көбейту, қолдан ұрықтандыру тәсілдерін жетік меңігеріп жатыр.

Осы бағытта талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымның бірі Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ округіне қарасты Мәдениет елді мекеніндегі «Әділет» шаруа қожалығы. 2002 жылы құрылған қожалық асыл тұқтымды мал шаруашылығын дамытуда «қолдан ұрықтандыру» тәсілімен жұмыс жүргізіп келеді. Шаруашылықтағы асыл тұқымды төлдерге сұраныс жоғары.

Зоотехникалық жұмыстардың қайта жанданып келе жатқаны шаруалардың қолдауына ие болуда. Өйткені, төрт түлік малды өсіруде, олардың ауру-сырқауға шалдығуының алдын алу, тұқымын асылдандыру, мал басын көбейту бойынша жасалатын жұмыстарды мал дәрігерлерінің, зоотехникалық білімі бар кәсіп иелерінің атқаратын қызметі үлкен.

Айта кетейік, Түркістан облысы – аграрлық өңір. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Экспортқа жөнелтілген ірі қара мал етінің үлесі 85 пайызды, ұсақ мал – 60 пайызды құрайды.