ТЕРІСКЕЙДЕ НААШҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТТІ

0
62

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.
Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр» деп әлеуметтік мұндай кеселдермен құқық қорғау органдары ғана емес қоғам болып, бүкіл жұртшылық болып жұмыла күресу қажеттіін айтты.
Созақ ауданының орталығындағы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандардың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз» атты өміршең форум өтті. Өскелең ұрпаққа берері мол тағылымды шараның шымылдығы нашақорлық індетінің зардабын бейнелейтін әсерлі қойылыммен түрілді.
Аталған шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов шараның маңыздылығына тоқталды.
— Нашақорлық — бұл тұтастай ұлтымыздың болашағына балта шабатын қауіпті індет. Бүгінде мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бөлігі жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпаққа аса сенім артуда. Қазіргі таңда бұндай індет пен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда бұндай шараның маңыздылығы ерекше. Нашақорлық пен есірткі заттарына қарсы күрес бойынша жыл сайын түрлі акциялар өтуде. Қоғамдағы бұл қасіретті індетпен күресу үшін мейілінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру баршамыздың басты міндетіміз. Дені сау, ұшқыр ойлы, саналы жастарымызды білімге баулып, ғасыр дертімен бірге күресейік,-деді.
Сонымен қатар, Созақ ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Талғатұлы және аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев нашақорлық індетінің жай-жапсары мен оған қарсы полиция жұмысы туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ елдің үмітін арқалап, мақтанышына айналған, жастарға үлгі-өнеге болып жүрген спортшы, еркін күрестен ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, Азияның күміс жүлдегері, Джиу-джитсудан әлемнің 3 дүркін жеңімпазы, спорттың бірнеше түрінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Акбар Елубайұлы және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастар орталығының директоры Ақан Сәбитұлы жастарды білімге құштар болуға, спортпен шұғылдануға, руханият орталығының мәртебесіне лайықты, өнегелі болуға шақырды.